TOP-1Жаңалықтар

Орталық Азиядағы қай елдің әскери шығыны жоғары

Ең ірі әскери бюджет Өзбекстан еншісінде. 2026 жылға Ташкент қорғаныс саласына 6,2 млрд доллар бөлуді жоспарлаған, деп хабарлайды Tizgin.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Мұның алдында ресми мәлімет Геостатистика Telegram-арнасында жарияланды. Соған сенсек, екінші орында Қазақстан тұр – бұл бағытқа 5,8 млрд доллар қарастырылған.

Өңірдегі өзге елдердің көрсеткіші айтарлықтай төмен:

  • Түрікменстан – 1,5 млрд доллар,
  • Қырғызстан – 0,7 млрд доллар,
  • Тәжікстан – 0,5 млрд доллар.

Алайда жан басына шаққандағы шығынды есептегенде жағдай басқалай құбылады: бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан алдыңғы орынға шығады. Бұл қорғаныс саласына түсетін жүктеменің жоғары екенін әрі әскери секторға басымдық беріліп отырғанын аңғартады.

ӘСКЕРИ ШЫҒЫНДАР НЕ СЕБЕПТІ ӨСЕДІ

Сарапшылар пікірінше, Орталық Азия елдері қарулы күштерін жаңғырту арқылы гибридті қауіп-қатерлерге, шекаралық жанжалдарға және халықаралық терроризмге қарсы тұруды көздейді.

Бұл жерде сөз тек дәстүрлі әскери қауіптер туралы емес. Қазіргі жағдайда киберқауіптер, шекара маңындағы тұрақсыздық және трансұлттық қылмыс сияқты жаңа қатерлер алдыңғы қатарға шыққан. Осындай жағдайда өңір елдерінің армиялары жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтіп, барлау жүйесін жетілдіруге және технологиялық әлеуетін арттыруға басымдық беріп отыр.

ШЕКАРА ҚАНДАЙ БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ

Жалпы бюджет көлемі бойынша Өзбекстан алда болғанымен, жан басына шаққандағы шығын деңгейі Қазақстан көрсеткішінің жоғары екенін байқатады. Бұл елдің қарулы күштерді сапалық тұрғыдан жаңғыртуға, яғни олардың тиімділігін арттыруға көбірек көңіл бөліп отырғанын білдіреді.

Сонымен қатар Қазақстан үшін мемлекеттік шекараның ұзақтығы мен кең аумақта тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігі де маңызды фактор болып отыр.

 

Back to top button