Без рубрики

Бюджет кірісі өсті: 6,4 трлн теңге жиналды

Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев бюджет кірісі 17 пайызға өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оның айтуынша, трансферттерді есепке алмағанда кіріс көлемі 6,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 931 млрд теңгеге артық. Сондай-ақ республикалық бюджет те жоспардан жоғары орындалып, көрсеткіш 102%-ды құрап, 4,2 трлн теңге түскен.

Кірістің өсуіне сыртқы факторлар әсер еткен. Атап айтқанда, мұнайдың орташа бағасы барреліне 80,6 доллар деңгейінде қалыптасып, экспорттық кедендік баждан қосымша 40,5 млрд теңге түскен. Сонымен қатар, теңгенің нығаюы да бюджетке оң ықпал еткен. Нақты бағам 497,7 теңге деңгейінде қалыптасып, бұл фактор республикалық бюджет кірістерін 146 млрд теңгеге ұлғайтқан.

Министр есепті кезеңде мемлекеттік қаржының тұрақтылығы сақталып, барлық әлеуметтік міндеттемелер уақытылы орындалғанын, өңірлерге қажетті қолдау көрсетілгенін атап өтті.

«Есепті кезеңде мемлекеттік қаржының тұрақтылығы, барлық әлеуметтік міндеттемелерді уақтылы қаржыландыру, өңірлерді қолдау қамтамасыз етілді. Толық көлемде және басым тәртіппен мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру 1,8 трлн теңге көлемінде қамтамасыз етілді. Негізгі басымдық – қаражатты қарапайым игеруден қаржыландыруға көшу», – деді Мәди Такиев.

Back to top button