Экономика

Наурызда қандай көліктерге сұраныс көбейді

Ақпан айында сатылым нашарлаған соң Қазақстан автонарығы қазір біртіндеп тұрақталып келеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

ОДАҚ БӨЛІСКЕН МӘЛІМЕТ

Қазақстанда наурыз айында ресми дилерлер 17 099 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,9 пайызға аз. Мұндай мәліметті Қазақстан автокөлік одағы ұсынды.

Жалпы, бірінші тоқсан қорытындысында елде 44 757 көлік сатылған. Бұл – 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға төмен көрсеткіш. Одақ басшысы жыл көлемінде сатылым төмендесе де, нарық ақпан айындағы баяу қарқыннан кейін қайта қалпына келе бастағанын алға тартты.

Мұндай жағдайда автокөлік жеткізілімін қайта қарау – қалыпты жағдай. Сонымен қатар нарық ішінде үлестердің қайта бөлінуі жүріп жатыр: бірқатар брендтің позициясы күшейе түскен, – деді Анар Мақашева.

Сарапшылар пікірінше, жылдық динамикаға неғұрлым нақты баға беріп, болжам жасау үшін екінші тоқсан нәтижелері шешуші рөл атқарады.

НАРЫҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ

Наурыз айында ең көп сатылған брендтер арасында Hyundai көш бастап тұр – 3192 көлік.

Екінші орынға Kia (2317) көтерілсе, үздік үштікті Chevrolet (2142) түйіндеді.

Ай ішіндегі ең қарқынды өсімді Changan көрсетті: 1766 автокөлік сатылып, бренд төртінші орынға шықты.

Сатылымы жоғарылаған өзге брендтер қатарында:

  • Chery (1270),
  • Haval (1227),
  • Jetour (850),
  • Toyota (581),
  • JAC (451),
  • Geely (428) бар.

ӨТІМІ ЖОҒАРЫ МОДЕЛЬДЕР

Наурыз қорытындысында қазақстандықтар ең жиі таңдаған автокөлік модельдерінің ондығы мынадай:

  • Chevrolet Cobalt (1965),
  • Hyundai Tucson (1516),
  • Kia Sportage (841),
  • Changan CS55 Plus (798),
  • Haval Jolion (683),
  • Chery Tiggo 7 (565),
  • Hyundai Elantra (561),
  • Changan CS35 Plus (513),
  • Hyundai Mufasa (440),
  • Kia Soluto (416).

Аталған модельдердің барлығы Қазақстан аумағында құрастырылады.

Бірінші тоқсан нәтижесі бойынша да көшбасшылықты Hyundai сақтап отыр – 8658 сатылған автокөлік. Одан кейін Kia (7493) және Chevrolet (6629) орналасқан.

Back to top button