Оқиға

Астанадағы үш баланың өлімі: өрт сөндірушілердің жолын бөгеген көлік иесі айыппұлмен құтылды

Астанада полиция «Көркем-3» тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберісті жауып тастаған көлік жүргізушісін жауапкершілікке тартты. Дәл осы аумақта ірі өрт болған. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарат таратты.

Полицияның мәліметінше, ереже бұзып қойылған көлік оқиға орнынан жедел түрде алынып тасталған.

«Жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін және төтенше қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін құқықбұзушылықтар қатаң түрде тоқтатылады», – деп мәлімдеді департамент өкілдері.

Жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 597-бабы («Көлік құралдарын тоқтату немесе қою қағидаларын бұзу») бойынша жазаланған. Аталған бапқа сәйкес 5 АЕК-тен (2026 жылы 21 625 теңге) 15 АЕК-ке дейін (64 875 теңге) айыппұл қарастырылған. Айыппұл мөлшері құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді.

Астанада бірнеше күн бұрын пәтер өртеніп, үш бала көз жұған. Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шыққан. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жетіп, пәтердің ашық жалынмен жанып жатқанын анықтаған. Өртті сөндіру барысында құтқарушылар күйік алған әйелді аман алып қалып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Ол көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнынан үш баланың мәйіті табылды.

Сол түні тұрғындардың бірі көлікті өтетін жолға қойып кетіп, соның салдарынан өрт сөндірушілер уақыт жоғалтқан. Дұрыс қойылмаған көлік кедергі келтіргенін бұған дейін Астана ТЖД да хабарлаған еді. Бұл сәтті сол жердегі тұрғындар түсіріп алған.

Back to top button