TOP-2Оқиға

”Балаларының ойнаған дауысын естуші едім” – үш баласынан айырылған отбасының көршісі

Сәуірдің 12-сі күні “Көркем-3” тұрғын үй кешенінде болған өрттен үш бала бақилық болып, ауыр хәлдегі әйел №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылды. Threads әлеуметтік желісінде қайғылы оқиға болған пәтерге көрші тұрған Asha_1299 атымен тіркелген қолданушы оқиғаның мән-жайы туралы жазды.

“Түнде тренингтен және әріптестермен отырыстан кейін қатты шаршап үйге келіп, бірден ұйықтап қалдым. Оған дейін екі апта бойы өте аз ұйықтап, күшім де таусылуға жақын еді. Түн ортасында, шамамен 01:17-де, кенет оянып кеттім. Тыныштықтың арасында от жанып жатқандай сытырлаған дыбыс естілді. “Розеткада тағы бірдеңе істен шыққан шығар” деп ойлап, жартылай ұйқылы күйде барып, бәрін розеткадан суыра бастадым, бірақ ол жерде ешқандай ақау болған жоқ”, – деп жазды өрттен зардап шеккен отбасының көршісі.

Ол сол сәтте ыңырсыған “Алла”, “Алла” деген дауысты естіген.

“Көзімді уқалап, айналама қарасам – пәтердің ішінде түтіннің қоюланып тұрғанын байқадым. Сол сәтте әлсіз ғана ыңырсыған “Алла, Алла, Алла…” деген дауысты естідім.

Мен бірден баспалдақ алаңына жүгіріп шықтым. Ол жақтың бәрі көк түтін толып кеткен екен. Сол кезде ғана көрші пәтерде өрт болып жатқанын түсіндім. Жүрегім қысылып, дереу олардың есігіне жүгіріп барып, қатты-қатты соғып, айқайлай бастадым, бірақ ешкім есік ашпады”, – деп жазды ол.

Ол басқа көршілердің есіктерін тоқтаусыз қағып, бар күшіммен айқайлауға кіріскен.

“Ішімде қорқыныш пен үрей. 101-ге де хабарласа алмай әлек болдым. Біраздан кейін бір отбасы есік ашты. Олар не болып жатқанын түсінбей тұрды. Мен: “Көрмей тұрсыздар ма, өрт болып жатыр! Көршілердің пәтері жанып жатыр, тез әрекет ету керек!” – деп айқайладым.

Бірінен соң бірі басқа көршілер де шыға бастады, бірақ бәрі абдырап қалған. Мен қатты шошып тұрған соң оларға “Не тұрсыңдар? Пәтер жанып жатыр! Ер адамдар, бірдеңе істеңдер! Ішінде адам бар, өліп кетуі мүмкін!” деп айғайладым.

Бір ер адам “Біз не істей аламыз? Бізде лом жоқ қой” деді. Мен: “Қалайда бір нәрсе істеу керек! Ішінде адамдар бар!” дедім.

Содан кейін ғана олар жанып жатқан 150-пәтердің есігіне жақындай бастады. Кейін түсіндім: бәрі ұйықтап, түтіннен уланып қалғандықтан, кеш оянып, милары дұрыс жұмыс істемей тұрған”, – деп жазды Threads қолданушысы.

Ол 101-ге қайталап хабарласып, өз пәтеріне жүгіріп кіріп, өрт туралы хабарлаған.

“Қабырғамның ар жағындағы ыңырсыған дауыс тоқтаған жоқ…

“Мен әріптесімді шақырып, мысығымды іздей бастадым. Мысығымды қолыма алып, спорттық киіммен далаға шықтым. Ер адамдар есікті ашуға тырысып жатты, ал көршілер 15 қабаттан төменге түсіп бара жатты. Бір ер адам маған келіп, тез сыртқа шығуымды сұрады. Біз сыртқа бет алған сәтте, өрт сөндірушілер келіп, есікті бұзып кірді. Барлығымызды төменге түсірді. Көршілер бір-біріне хабар беріп, чаттарға жазып жатты. Өрт сөндірушілер қабаттарды аралап, адамдарды эвакуациялады”, – дейді ол.

Сыртқа шыққанда, үйдің айналасында көптеген өрт сөндіру көліктері, жедел жәрдем және полиция тұрған.

“Терезеден шыққан түтін күшейе түсті. Сол кезде бір көліктің жолды жауып тұрғаны белгілі болды, соның салдарынан өрт сөндіру көлігі жақындай алмай қалған. Кейін сол көліктің иесін тауып, жолды ашты.

Біз дұға жасап тұрдық. Қасымда әріптесім болды. Оны көрген сәтте өзімді ұстай алмай, қатты жылап жібердім.

Оттың жалыны сыртқа лапылдап шығып жатты. Төменде жиналған тұрғындардың бәрі қорқынышта еді. Біз тек өрт сөндірушілерге үміт арта алдық.

Бір кезде күйіп қалған көршімізді алып шықты да, жедел жәрдемге салды. Біз балаларын сұрадық. Себебі бәрі оның үш кішкентай баласы бар екенін білетін”, – деп жазды қайғылы оқиға болған отбасының көршісі.

Оған әйел үйде жалғыз болғанын айтқан

“Сол сәтте бір сәтке тынышталғандай болдық – көрші тірі, балалар үйде болмаған шығар деп ойладық…

Мен көлікті оталдырып, ішіне отырдым. Ішімде әлі де үрей толқыны бар. Әріптесім адамдарды қайда орналастыратынын сұрап жүрді.

Мен бір әжені және қолында сәбиі бар қызды көлікке отырғыздым. Біз шешім күтіп тұрдық. Біраздан кейін автобус келді. Адамдарды тізімге тіркеп, уақытша орналастыру мәселесін шешіп жатты. Кейін бізге үйге кіріп, керек заттарды алып шығуға рұқсат берді.

Әріптесім екеуміз алғашқы болып кірдік. 15-қабатқа жаяу көтерілдік. Күйік иісі өте қатты болды. Баспалдақтарда қан іздері бар еді. Ол қан кімдікі екенін білмей, қорқа қарап өттік. Әр 3-4 қабат сайын балконға шығып, таза ауа жұтып отырдық”, – деп жазды ол.

15-қабатқа жеткенде түтін одан сайын қоюлана түскен.

“Есіктің алдында күйген көйлектің бөлігі жатты. Подъезд түгел қара күйеге боялған, айнала қараңғы, жанып кеткен үй сияқты көрінді.

Заттарымызды алып, қайта шыққанда, күйген пәтерге кіріп жатқан адамдарды көрдік. Сол сәтте ғана көршінің балаларының бақилық болғанын естідім… Олар өрт сөндірушілер есікті ашқанға дейін-ақ, түтіннен уланып, қаза тапқан екен.

Мен жылауымды тоқтата алмадым. Мен күнде сол балалардың даусын еститінмін, ойнап жүргендерін… Кейде, тіпті, бір уақытта тамақ ішетінбіз – олардың ас үйі менің қабырғамның ар жағында болатын”, – деп жазды ол.

Ол балалардың бақилық болғаняна сенбей, әріптесінен шындықты анықтап беруін сұраған.

“Көлікке қарай бара жатқанда, бордюрде отырған ер адамды көрдім. Жақындап қарасам – ол сол көршінің күйеуі екен. Оның жағдайы өте ауыр еді. Бір кезде өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келіп тексере бастады. Жанында туыстары тұрды.

Олардың сол сәтте не сезінгенін елестету де қорқынышты… Бізді кейін жағдайды анықтау үшін шақыратынын айтты.

Мен бәрін жазып үлгермедім… Бірақ осыны жазып отырып та жүрегім қысылып, көзіме жас келіп отыр…”, – деп жазды қайғылы оқиға болған отбасының көршісі.

Back to top button