TOP-2ПікірЭксклюзив

Психологтарға арналған заң жемқорлыққа себепші болуы мүмкін – психоаналитик

Маман психологтың біліктілігі дипломмен өлшенбейтінін айтады

Мәжіліс психологиялық қызмет туралы заң жобасын өткен аптада бірінші оқылымда мақұлдады. Осы ретте психологтардың білімі мен біліктілігіне қатысты қойылатын талаптарға қатысты “Психоанализ қауымдастығының” президенті Гүлжан Қалиқызы пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Гүлжан Қалиқызы психологтардың қызметін реттеу туралы идея дұрыс екенін, бірақ заңның өзі психологиялық қызмет сапасын арттыруға көмектесе алмайтынын ескеру керектігін айтты.

“Психологтардың саны мен сапасы туралы сұрақ әрдайым болады. Бұл заңда психологтың біліміне қатысты талап қойылады, ал ол білім немен, қалай өлшенеді? Бірыңғай тізілімге енгізу – әлемде бар тәжірибе, яғни нарықта ашықтық болады, бірақ тізілімге енгізу талаптары қандай болады – осыған қатысты сұрақтар туындайды. Бірыңғай тізілімге ену үшін диплом керектігі және 5 жылда бір рет біліктілікті арттыру керектігі жазылған. Ал психологтың тәжірибелік бөлігі немен өлшенеді? Бірыңғай тізілім – әкімшілік сүзгі ғана болып қалмауы керек. Психологтар диплом, біліктілікті арттыру курсы сияқты ресми өлшем бойынша іріктеуден өте алады, ал жұмыс сапасына қатысты өлшемге сай бола ала ма – мәселе осында. Дипломы бар психолог көп, бірақ кәсібилік, қызмет көрсету сапасы қағазбен, құжатпен ғана өлшенбейді”, – дейді ол.

Психоанализ қауымдастығы президентінің айтуынша, заңда медициналық және медициналық емес психотерапия деп бөлінген.

“Психотерапия – бұзылысты тікелей емдеуге бағытталмағандығы жазылған. Ал шын мәнінде психологтар жан жарасымен, посттравматикалық стресстік бұзылыспен, депрессияға қатысты мәселемен де жұмыс істейді. Біз психиатрлармен біріге отырып жұмыс істейміз. Ол жағы қалай реттеледі? Сондай-ақ, заңда психологтың ғылыми қызметі туралы айтылған. Бұл жалған ғылымнан сақтайтын шығар, бірақ елімізде психологияға қатысты диагностикалық құралдардың, әдістердің,техникалардың, зерттеу жұмыстарының бекітілген тізімі жоқ. Сонда оны қалай анықтайды? Психологияның саласы көп, 2000-ға жуық бағыт бар, оның қайсысы ғылымға негізделгені қалай анықталады, қалай дәлелденеді?” – дейді Гүлжан Қалиқызы.

Ол құпиялылық қағидасы туралы мәселеге тоқталып өтті.

“Заңда психолог пен клиент арасында келісім-шарт болуы керектігі жазылған. Психоанализ саласында келісім-шарт ауызша жасалады, себебі клиент құпия болып қалғысы келеді. Ал келісім-шартта оның аты-жөні, телефон нөмірі жазылады. Біз құпиялылық қағидасын сақтайтынымыз сондай, тіпті кестеге клиенттің аты-жөнін өзгертіп жазамыз. Психология – техникалық жұмыс емес, бәріне ортақ, әмбебап әдіс-тәсіл жоқ. Мысалы, 5 адам депрессия мәселесімен келсе – оны емдеу хаттамасы 5 түрлі болады. Оны қадағалау, реттеу мүмкін емес десе болады. Бұл заң – қағазбастылыққа алып келмеуі керек. Бұл заңды жазуға көп жылдық тәжірибесі бар психологиялық қауымдастықтардың барлығы қатысуы керек”, — дейді ол.

Гүлжан Қалиқызы бұл заң жемқорлыққа себепші болуы мүмкін екендінін айтты.

“Бірыңғай тізілімге енгізу монополияға айналып кетпеуі керек. Психологтың білікті маман екені дипломмен өлшенетін болған соң қазір көп маман дипломды сатып алу жолын қарастырып жатқанын естіп отырмыз. Мысалы, Қазақстанда алған дипломы болмаса да халықаралық деңгейде, жеке университетте диплом алған, сонымен қатар тәжірибесі өте жоғары мамандар бар. Олардың дипломы Қазақстандағы білім жүйесіне сай болмауы мүмкін. Ондай мамандар не істеуі керек? Психологтарға қатысты заң қабылдау идеясы жақсы, бірақ ол расымен сапаға жұмыс істеуі керек. Ол бюрократиялық машина болып, жемқорлыққа себепші болмауы керек” – деп түйді психоанализ қауымдастықтың президенті.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары өткен аптада «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді.

Back to top button