TOP-2Сараптама

“Психологқа барудан Құдай сақтасын” деген депутаттардан қандай заң күтуге болады – психоаналитиктер

"Психологтар жайлы заң психологтардың қатысуынсыз қабылданып жатыр" дейді мамандар

“Бейсана” Қазақстан психологтар қауымдастығының төрайымы Ғалияш Махашова психологтарға қатысты заңды талқылау барысында өзін не қорқытқанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Мені шошытқан нәрсе: депутаттардың осындай нәзік, өте маңызды тақырыпты бірауыздан қолдай салғандары. Кері байланыс, кері сұрақтардың тумағандығы. Тіпті депутаттардың ауызан “Психологқа барудан Құдай сақтасын” деген сөз айтылуы және психологияға қатысты заңды сондай адамдардың қабылдауы қорқынышты”, – дейді ол.

Ғалияш Махашованың айтуынша, психолог клиент қабылдауды бастау арқылы, қателесу арқылы тәжірибе жинайды.

“Ешбір психолог тәжірибелі маман болып аспаннан салбырап түспейді және оның біліктілігі дипломмен ғана өлшенбеуі керек. Дипломы бар психологтар университет қабырғасында жеке және топтық терапиядан өтпейтінін, клиент қабылдап тәжірибе жинамайтынын, супервизиядан өтпейтінін, яғни жоғары оқу орындарында тәжірибелік бөлігі ақсап жатқанын айтады. Осы орайда мына сұрақтар туындап отыр: заңды жазған комиссия мүшелері кімдер екені неге ашық көрсетілмейді? Бұл заңды қабылдаушылар ішінде теориялық білімі ғана барлар көп сияқты. Теориялық білімі ғана барлар тәжірибесі барлар туралы не біледі? Осы заңды қабылдаушылардың өздері психологтың қабылдауында болған ба, оның қандай процесс екенін біле ме? Заң психологтардың жұмыс сапасын арттыру үшін қабылданатынын айтқанмен, шын мәнінде кәсіби мамандарға тас атылып жатыр. Әртүрлі бағыттағы психологтарды бір қалыпқа, бір бағытқа салу дұрыс емес”, – дейді маман.

Психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова билік өкілдерінің “Психологтар отбасыларды ажыратып жатыр” деген пікірімен келіспейтінін айтты.

“Менің қабылдауымда болған әйел ажырасқан жағдайда балаларын қалай асырайтыны, қалай күн көретіні туралы айтты. Мен оған “Сіз ажырасқыңыз келетін сияқты?” дедім. Үш күннен кейін жолдасы келіп әйелімен ажырасуға неге мәжбүрлегенімді сұрады. Сөйтсем, қабылдауымда болған әйел үйіне барып “Анна ханым кұйеуіңмен ажырас деп жатыр” деп айтыпты. Ал шын мәнінде менің аузымнан “ажырас” деген сөз шыққан жоқ. Кейде клиент өзінің бейсаналы және саналы қалауына қатысты өзі жауапкершілік алғысы келмей, жауапкершілікті маманға ысырады. Осы жағы да ескерілуі керек”, – дейді ол.

Психоаналитиктің айтуынша, психологтар туралы заң психологтардың қатысуынсыз талқыланып жатыр.

“Психологтан халық зардап шегіп жатқанын айтқан депутат қандай зерттеу жұмысы жүргізілгенін, статистика қандай болып тұрғанын неге айтпайды? Ол зерттеуге қанша адам қатысқан? Ондай зерттеу жұмысы жүргізілмесе – біржақты пікір айту дұрыс па? Қазір мектептегі баланың өзі психолог, психиатр, психоаналитиктің айырмашылығын біледі. Ал ХХІ ғасырда “Психологқа барудан Құдай сақтасын” деп тұрған депутаттардан не күтуге болады? Босанбаған әйел өзі босанғанша оның не екенін білмейді, сезінбейді. Психологтарға арналған заң қабылдаушылар да кушеткада жатып, психологтың қабылдауынан өздері өтіп, ол қандай процесс екенін көріп, сезінуі керек. Диплом алу – бір басқа, тәжірибе – бір басқа. Мысалы, мен психоанализ бағытындағы психологтардың жұмыс сапасын саралай аламын, ал депутаттар бұл бағыттағы психологтардың жұмысын қалай саралай алады? Психоанализ бағытындағы психология бар, гештальт бағытындағы психология бар, клиент қабылдайтын психолог бар, оқытатын психолог бар – бұл тізім осылай жалғасып кете береді. Ал осы заң психологияның қай саласы туралы, қандай психолог туралы? Бұл заңды еліміздегі психологияның барлық саласындағы мамандар бірлесе отырып талдауы керек”, – дейді Анна Құдиярова.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары осы аптада «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді.

Back to top button