TOP-1Сараптама

Ескерткіші «Қаламгерлер аллеясында» тұратындай Әлихан Бөкейхан қаламгер ғана ма – тарихшы

Әлихан Бөкейхан – есімі қазақ халқының тарихына еркіндік, парасат және ұлтқа қызмет етудің символы ретінде мәңгілікке жазылған тұлға. Ол тек саясаткер, қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым ғана емес – өз халқының болашағын ағартушылықпен, тәуелсіздікпен және қадір-қасиетпен байланыстырған ойшыл саясаткер. Даланың тағдыры қазақтардың өз қатысуынсыз шешіліп жатқан кезеңде, Әлихан Бөкейхан халқының дауысы естілуі үшін күресті. Ұлт көсемінің туғанына биыл 160 жыл толып отыр.

Ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының жетекшісі бола отырып, ол заңға, білімге және ұлттық бірегейлікке негізделген мемлекет құруды мақсат етті. Оның идеялары өз заманынан озық болса, ХХІ ғасыр басында да үлгі болды: ол ғылымды дамыту, теңдік, ұлттық тәуелсіздік және мәдени құндылықтарды сақтау үшін күресті

Жай ғана өмір сүрмей, бүкіл түркі әлеміне жол көрсеткен Әлихан Бөкейханның өмір жолын зерттеуге 35 жыл ғұмырын арнаған әлихантанушы ғалым, халықаралық журналист әрі тарихшы Сұлтан Хан Аққұлымен сұхбатты Tizgin.kz порталы оқырман назарына ұсынады.

Астанада Әлихан Бөкейханға арналған ескерткіш неге жоқ?

Зерттеуші әуелі Әлихан Бөкейханға қатысты бірнеше мәселені көтерді. Оның сөзінше,1847 біржола ыдырап, тарих сахнасынан кеткен Қазақ хандығының жер аумағында заманға сай Қазақстан мемлекетінің іргетасын тұрғызып, шекарасын белгілеп, тұңғыш премьер-министр болған – Әлихан Бөкейхан әлі күнге дейін Қазақстан тарихы оқулығына кірмеген. Сұлтан Хан Аққұлы мұны үлкен қателік деп есептейді. Айтуынша, жас ұрпақ Алаш қайраткерлері туралы қысқаша өмірбаян оқумен шектелмеуі керек, оқулықта Алаш зиялыларына арналған тұтастай тараулар болуы тиіс.

Астанадағы Қаламгерлер аллеясындағы Алаш арыстарының ескерткіші. Фото: Егемен Қазақстан

“Еліміздегі 7-8 сынып оқулығында Әлихан Бөкейханның қысқаша өмірбаяны бар. Бүгінгі ғылым-білімнің негізін қалаған тұлға туралы неге толық жазбасқа? Қазақтың алты ғасырлық тарихында қазақтың мәдениеті түбегейлі қайта қаралған, қайта қалыптастырылған кезең – ХХ ғасырдың басы. Ол кезеңде түбегейлі трансформация болды. Тұңғыш театрымыз Қызылорда қаласында Қ.Кемеңгерұлының “Алтын сақина” пьесасымен ашылған. “Халық жауы” аталып, атылып кеткен соң тарих бетінен оның есімін өшіріп тастады. Абайды сақтап қалған, халыққа таныстырған – Әлихан Бөкейхан. Ол 1909 жылы отаршыл билікпен ерегесіп тұрып Абайдың тұңғыш шығармалар жинағын отаршыл империяның орталығы Санкт-Петербордың өзінде шығарды. Мұхтар Әуезовке Абай туралы туынды шығару тапсырмасын берген – Әлихан Бөкейхан. Мұның бәрі құжат түрінде дәлелденген фактілер.

Сондай-ақ, Астанада бізге беймәлім тұлғалардың неше түрлі ескерткіштері бар. Абай көшесі бойындағы “Қаламгерлер аллеясында” Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының ескерткіші тұр. Әлихан Бөкейхан отырса, Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатұлын тұрғызып қойған. Әлихан Бөкейхан “Қаламгерлер аллеясында” тұратындай қаламгер ғана ма? Ол ең алдымен – еліміздің егемендігінің іргетасын қалап, шекарасын белгілеп, оны 2,5 жыл басқарған тұлға. Астананың басты көшелерінің бірінде заманға сай Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік басшысы ретінде неге жеке ескерткішін орнатпасқа? – дейді алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы.

Елімізде ең көп қойылатын есім – Әлихан

Зерттеушінің айтуынша, халық Әлихан Бөкейханның тәуелсіз ел болуымызға қандай еңбегі сіңгенін саналы түрде терең түсінбегенмен, бейсаналы түрде түсіне бастағанын айтты. 2009 жылдан бері елімізде жаңа туған сәбиге ең көп қойылатын есім – Әлихан болды. Бұл – халық Әлиханның Қазақстан тарихында қандай тағылымы, қандай үлесі болғанын саналы түрде терең білмесе де, бейсаналы түрде оның қаншалықты жарқын тұлға болғанын сезінетінін білдіреді.

Әлихантанушының айтуынша, ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері Қазақстан қандай мемлекет болуы керек, экономикасы, мәдениеті, тілі, мектебі, жоғары оқу орны қандай болуы керек деген сұраққа жауап беріп, соның бәрінің үлгі-өнегесін көрсетіп кеткен. Қазақтығымызды, тілімізді, жазба әдебиетімізді, ғылыми тілімізді сақтап, қалыптастырған.

1918 жылы Семей қаласында түсірілген сурет. Ортада (ақ көйлек киген) Әлихан Бөкейхан

Кеңес дәуірінен қалған тарихшылар кешегі жазылған кеңестік сарыны бар тарихқа әлі сенеді. Кейінгі жылдары қаншама тың ақпарат табылса да – бұрмаланып жазылған тарихты өшіргілері келмейді, себебі олар соның арқасында ғылым кандидаты, академик атанды. Бұл жерде ұлттық намыс, ұлттық мүдде аяқ асты болып отыр. Негізі тарихты зерттеген кезде отаршыл Ресей империясының кеңістігінде болған шым-шытырық оқиғаның бәрін зерттеу керек. Бірінші дүние жүзі соғысы барысында 4 отаршыл империя күйреді, соның бірі – Ресей империясы. Сол кезеңде Ресей империясының отары болған барлық халық тәуелсіздік үшін күресті. Бірінші дүниежүзілік соғысы басталар алдында Ресей империясының одақтасы болған Франция, Ұлыбритания басшылары “Біз соғысты капиталистер үшін емес, шағын халықтардың тәуелсіздігін алып беру үшін күресеміз” деп айтқан. (Антанта – 1904–1907 жылдары құрылған Ұлыбритания, Франция және Ресей империясы арасындағы әскери-саяси одақ). Ал 1917 жылы Томск қаласында болған бірінші Сібір облыстық съезінде Әлихан Бөкейхан “Біз шағын халықтардың тәуелсіздігі үшін соғысып жатырмыз” дедіңіздер, енді сөздеріңізде тұрып, Тәуелсіздігімізді қайтарыңыздар” деп айтқан, – дейді зерттеуші.

Әлихан Бөкейхан болмағанда тілі де, діні де жоқ, отарланған ұлт болар едік

Зерттеушінің айтуынша, Әлихан Бөкейхан болмағанда қазіргі Қазақстан тілінен, дінінен, ділінен айырылған, отарланған ұлт болар еді. Сұлтан Хан Аққұлы жұртшылық осы күнге дейін “ұлтшыл” сөзін бұрмаланған мағынада түсініп келе жатқанын айтады. Сөзінше, бұл сөзді большевистік, кеңестік тұрғыда түсінбеу керек.

“Шын мәнінде ұлтшылдық деген кез келген халыққа тән қасиет, құбылыс. Әрбір халық өзінің ұлттық тілін, мәдениетін, елін қорғауға, жақсы көруге, кіршіксіз қызмет етуге толық құқығы бар. Бұл – әмбебап түсінік. Алаш қайраткерлері ұлтшыл болғаны үшін айыпталды деп айтамыз, сонда олар не үшін күресуі керек еді. Большевиктер “интернационализм” деген сөзді шығарды. Оның астарында жаппай орыстандыру саясаты жатты. Кеңес одағы тағы 20 жыл ыдырамай тұра тұрғанда қазақ ұлты және отарланған барлық халық тілінен, ділінен айырылып қалуы әбден мүмкін еді, – дейді ол.

Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы неге жетім қыздың тойындай өтті

Сұлтан Хан Аққұлы 10 жыл бұрын Әлихан Бөкейханың 150 жылдығы жетім қыздың тойындай өткенін айтты. Сөзінше, 2016 жылы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай өзі жазған 15 томдық кітап бар-жоғы 1000 данамен жарыққа шыққан. Сол кездегі “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған Мұхтар Құлмұхамед Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековті шақырып, тапсырма беріп, ол демеушілер арқылы қаражат бөліп, 1000 дана кітап шығарған. 2017 жылы министрлік қаржы бөліп, 15 томдық кітап 3000 дана болып қайта басылып, еліміздегі барлық кітапханаға таратылған.

Сұлтан Хан Ақұұлы арада 10 жыл өткенде Әлихан Бөкейхан туралы қаншама тың дерек және оның қаншама тың мұрасы табылғанын айтады. Сөзінше, ұлт көсемінің төл шығармаларымен қатар өзі туралы айтылған түрлі пікір, естелік, талдау топтастырылған 21 томдық жинақ пен оның қиян-кескі күреске толы өмірін, сан қырлы қызметін және телегей теңіз мұрасы баяндалатын қазақ және орыс тіліндегі 2 монография баспаға дайындалып болған. Бұл жинақты жарыққа шығару үшін 2025 жылы Мәдениет министрлігінің порталына өтінім берген. Зерттеуші Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан уәде етілгендіктен, осы еңбекті қаржыландыру бойынша қолдау болар деп үміттенеді.

2015 жылы 18 қараша күні ЮНЕСКО ұйымы Бас конференциясының 38 сессиясында “Әлихан Бөкейханды бүкіләлемдік даңқты тұлға” деп мойындап, оны әлемдегі ең әйгілі тұлғалардың тізіміне қосып, ЮНЕСКО аясында тойлансын деген қарар шығарған. (ЮНЕСКО (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization – UNESCO) – Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымы). Қарар шыққан соң Сұлтан Хан Аққұлы Астанада брифинг өткізген.

“Сол кездегі премьер-министр, қазіргі уақытта түрмеде отырған Кәрім Мәсімов «2015-2017 жылдардың үш жылдық бюджетінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына қарастырылған қаражат жоқ» деген жауап айтты. Сөйтіп Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын демеушілердің көмегімен конференция өткізіп, шағын данамен кітап шығарып, жетім қыздың тойындай өткіздік. Енді тағы солай болмасын деп алдын ала хабарландыру айттым. Заң бойынша 160 жылдықты тойлауға болмайды екен. Заң бойынша 100 жыл, 125 жыл, 150 жыл, 175 жыл деп ширек ғасыр бойынша атап өту керек.

Биыл Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойы лайықты тойланып жатыр деп айта алмаймын, бірақ “битке өкпелеп, тонды отқа лақтырмаймыз”. Биыл “Алаш” мәдени және рухани даму институтының ұйымдастыруымен Еуразия ұлттық университетінде, Алматы қаласындағы Қазақ-Британ техникалық университетінің «Тәуелсіздік залында» және Нархоз университетінде ғылыми-танымдық конференциялар өткіздік. Бұл конференцияда Алаш Орда үкіметінің тәуелсіз мемлекеттің үкіметі ретінде Жапония, АҚШ, Чехия, Чехословакиямен өткізген келіссөздер туралы тың мәліметтер, Жапонияның сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан, Чехиядан, Словакиядан табылған құнды тарихи құжаттармен таныстырдық. Дәл осы шара алдағы уақытта Шымкентте, Түркістанда, Қарағандыда, Семейде, Оралда өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Аталған мерейтойлық шаралар мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге асырылып жатыр”, – дейді ол.

Мұстафа Шоқай Әлихан Бөкейханды пір тұтқан

Тарихшы Әлихан Бөкейханның әккі саясаткер болғанын айтады. Сөзінще, оған Ахмет Байтұрсынұлы «саясаттың нағыз кемеңгері» деп баға берген. 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы болып, Алаш автономиясы құрылған кезде Әлихан Бөкейхан “қазір мұны жариялауға болмайды, іштегі орыс бізге қалай қарайтынын білмейміз. Біздің қолымызда қару жоқ” деген ой айтқан. Ал Том облысындағы зиялылар қарсы болып, “Бәрін қазір жариялаймыз” деп қарсы болған. Әлихан Бөкейхан “Алдымен Түркістан бізге қосыла ма – анықтап алу керек” деген.

“Алаш” қозғалысы мен Алашорда ұлттық территориялық автономиясының жетекшілері (солдан оңға қарай) Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатұлы. Әлихан Бөкейхан

Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, Түркістанды Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Мұхаметжан Тыныштыбай және Мұстафа Шоқай құрған.

“Патшалық билікті құлатқан Ресейдегі демократияшыл төңкерісшілердің өздері ұлы империялық пиғылмен “ауырған”. Олар түркішілдіктен қорыққан. Әлихан Бөкейхан “Біз мұны “Түркі мұсылмандар федерациясын құрамыз” дегенді айтпай қояйық. “Шығыс Ресейдің мұсылман ферерациясы” деп атайық. Болашақта қалай атайтынымызды өзіміз шешеміз, өйткені “Түркі, түркішілік” сөзінен орыс әріптестеріміз қорқады” деп айтады. Әлихан Ресей кеңістігінде айта алмай жүрген сөзін Мұстафа Шоқай “үлкен Түркістан” деп ашып айтып жүргенін “Ол Әлихан Бөкейханнан озып кетті” деп айтып жүргендер бар. Бұл – қате ұғым. Мұстафа Шоқайдың 12 топтық шығармалар жинағында оның Әлиханға қарсы айтқан бірде бір сөзі жоқ. Ол Әлиханды пір тұтқанын ұмытпау керек, – дейді алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы.

Әлихантанушының айтуынша, «Алаш» идеясының астарында “Қазақ ұлттық мемлекетін ғана жаңғырту емес, ХІІІ ғасырда Жошы хан құрған Ұлық ұлысты, немесе көпшілік білетін Алтын Орданы қалпына келтіру жатыр.

Үкімет неге “Алаш” деп аталды

Әлихан Бөкейхан үкімет неге “Алаш” деп аталатынын түсіндірген. Шыңғыс хан 1225 жылы өзі бағындырған жерін ұрпағына үлестіріп бергенде, үлкен ұлы Жошы ханға Қазақстанның жерін берген. Жошының үлесінде тиген ұлыста ірі 6 түркі руы болды, сол себепті алты алаш деп атаған. Жошы ханның да “Алаша хан” деген лақап аты болған. Бұл күні біз оны “Алтын Орда” империясы деп білеміз. Бұл – шартты атау. Жошы хан империясы тұсында бүкіл Еуразия кеңістігінде бір ғана Шыңғысхан заңы үстемдік еткен. Ешкімді ешкім тонамайды, яғни Қытайдан шыққан көпес ешбір қауіп-қатерсіз Ұлы Жібек жолында жүре алған. Жошы ұлысы тұсында Ұлы жібек жолы өзінің дамуында шығатын шыңына шықты. Жошы ханның аты “Алаш” болса, оның империясы да “Алаш Орда” аталуы керек еді. Әлихан Бөкейханның мақсаты – “Алаш орда” империясын, яғни Түркі бірлігі империясын құру керек еді. “Қазақ халқы – кешегі Алтын Орданың тарихи мұрагеріміз” дейді ғалым.

Ал бүгінгі Қазақстанның Алаш Ордамен қандай байланысы бар? ХХІІІ ғасырда құрылған Қазақ хандығы мен бүгін Қазақстанды байланыстырып отырған Алаш республикасы.

Алаш көсемінің отбасы жайлы

Зерттеушінің айтуынша, Әлихан Бөкейхан ешбір құжатта анасы, әйелі, туған-туысы туралы жазған емес, бірақ Әлихан туралы естеліктер көп.

“Оны орыстың қызын жар еткені үшін айыптайтындар бар. Оның себебі – махаббат. Әлихан “Мен Омбыда жүргенде еліме әлдеқайда көбірек пайдам тиеді” деген сөзі бар. Ол орыс қызына ғашық болғанмен, 35 жасына дейін үйленбеген, себебі ата-анасын шошытқысы келмеген. Ол қалыңдығын анасымен таныстырған кезде “Мойнына крест таққан қыздың маңдайынан қалай сүйем?” деп қабылдамай қойған. Әлихан анасының айтқанына қарсы шықпай, елге келген кезде жары Еленаны Абайдың ауылына қалдырып кетіп отырған. Еленаның әкесі Патша үкіметіне қарсы күрескен саясаткер болған. Олар Омбыға жер аударылып келген.

Әлиханның қызы Зейнеп (Елизавета) – бірнеше тіл меңгерген, жоғары білімді медицина қызметкері, медицина ғылымдарының докторы, профессор. 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Елизавета деп атағанмен, әкесі қойған есімі – Зейнеп. Оның отбасындағы әйелдің рөлі, оның құрсақ көтеруі туралы, түсік жасаудың қауіптілігі мен зияны туралы монографиясы осы күнге дейін Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында ең үздік оқулық ретінде қарастырылады. Ол монография энциклопедияға еніп отыр.

Ал ұлының есімі – Өкітай (Үгедей). Шыңғыс ханның кенжесінің есімі – Үгедей болған және ол Шыңғыс хан қайтыс болғанда орталық империясының мұрагері болған. Жошы хан – Шыңғыс ханның үлкен ұлы. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек Жошы ханның тікелей ұрпағы. Әлихан Бөкейхан Жошы ханның тікелей 25-ші ұрпағы. Осындай сабақтастыққа неге назар аудармаймыз? – дейді тарихшы.

Ол тарихты жасайтын – жеке тұлға екенін айтты.

“Әр дәуір қандайда бір жеке тұлғаның атауымен атаймыз. “Шыңғыс хан дәуірі”, “Напалеон дәуірі”, “Қонаев дәуірі” деп кете береді. ХХ ғасырдың басындағы тарихтың атасы – Әлихан Бөкейхан. Мен Алаш тарихын Әлихан Бөкейхан тұлғасы арқылы зерттедім. Алаш идесын шығарған, идеологиялық негізін қалаған – Әлихан Бөкейхан. Ол осы дәуірде өмір сүрсе Орта Азияда бір ғана мемлекет болушы еді және мемлекеттік тілі – қазақ тілі болушы еді, – дейді ол.

Әлихан Бөкейханды зерттеу үш ұйықтасам түсіме кірмеген

Сұлтан Хан Аққұлының еңбектері қазақ халқының ұлттық санасын жаңғыртуға, Алаш қайраткерлерінің мұрасын қайта танытуға үлкен үлес қосты. Әсіресе, тәуелсіздік кезеңінде оның зерттеулері тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге көмектесті. Осы орайда оның филология ғылымдарының кандидаты бола тұра Әлихан Бөкейді зерттеуге қалай келгенін сұрадым.

Самар қаласындағы Ресейдің конституциялық-демократиялық партиясының мүшелері. Жоғарғы қатарда сол жақ шетте тұрған Әлихан Бөкейханов. Самар қаласы, 1915 немесе 1916 жыл.

“Тарихшылар менің филолог екенімді айтады. Филолог тарихты зерттеп жаза алады, ал тарихшы филолог бола алмайды. Алаш тарихын тарихшылар арасында менен кең, менен терең жазған ешкім жоқ.

Жалпы алғанда, ғалым болам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бала кезімнен сурет салу мен мүсін жасауды сүйетінмін. Арманым да мүсінші, суретші болу еді. Мектептегі сынып жетекшім мен мектеп директоры да, жақындарым да мені дарынды суретші, мүсінші болады деп ойлайтын. Менің Ленинградтағы әйгілі өнер академиясында оқитын бір жақын досым “Артыңда мықты қолдаушың, тірегің болмаса — бір шөлмек араққа жұмыс істейтін мүсінші, суретші боласың. Сол саған керек пе?!” деп көңілімду су сепкендей басты. Осылайша мүсінші болуды ұмыттым да, 1984 жылы әл-Фараби атындағы университеттің филология факультетінде араб тілі бөлімінде оқыдым. 3 жылдан кейін сырттай оқуға ауысып, араб тілімен қоштастым. Филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша аяқтадым. Алаш қайраткері, ақын Омар Қараштың шығармашылығы бойынша диплом жұмысымды қорғадым. Дипломдық жұмысымды қорғаған кезде мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болған профессор Мүсілім Базарбаев “Сенің ғылыми жұмысқа икемің бар екен, төте жазуды да еркін оқиды екенсің, Ғылым академиясына жұмысқа кел!” деп шақырды. Кеңес дәуірі кезінде ғылым саласының мәртебесі мен абыройы өте жоғары болатын. Осылайша “комсомолдан” шығып, ғылым жолына келдім.

Өткен ғасырдың 90-жылдары қазір тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов диссертациясын Міржақып Дулатұлынан қорғаған еді. Бірде ол маған сен диссертация тақырыбына Әлихан Бөкейханды неге алмайсың дегені. Ол кезде мен Әлихан Бөкейханның кім екенін білмеймін. Мараттың кеңесімен Пушкин атындағы кітапханаға барып, «Қазақ» газетінің тігінділерін ақтарып, Әлиханның қаншама мақала, зерттеу, үндеу, ашық, жауап хаттарын және т.б. туындыларын оқып, өз өмірімдегі ең зор, ең жарқын жаңалығымды аштым. 1991 жылдың наурыз айында «Әлихан Бөкейханның өмірі мен ғылыми, әдеби-публицистикалық мұрасы» деген ғылыми диссертациямды бекітіп алдым. Осы кезден бастап осы тақырыпты терең зерттей бастадым. Бірде Қарағанды облысының «Орталық Қазақстан» газетінен Жайық Бектұров деген алаш тарихын зерттеуші, журналист ақсақалдың «Үш әлекең» атты үлкен мақаласын оқыдым. Мен бұл мақаладан Әлихан Бөкейхан туралы көп мәлімет, бағыт-бағар алдым. 1991 жылы жазда Ленинград пен Мәскеудің кітапхана, мұрағаттарын зерттедім. Ол жақтан Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тілдерінде шыққан қыруар мұрасын тауып, көшірмесін алып қайттым. Сол кезден Әлихан Бөкейханның 3 томдық шығармалар жинағын іріктеп, теруге, алғысөзін жазуға кірістім. Әлекеңнің қазақша, орысша мұрасын оқып, іріктеп, компьютерге теріп, зерттеп жүріп, ғылыми диссертациям жайына қалды. Мектеп мен университетте алған білімім бойынша, қазақтың басын қосып, мемлекет құрып берген, білім берген кеңес өкіметі деп өскен мен Әлихан мен Алаш әлемін терең зерттей келе бір мұхит түбіне үңілгендей болдым”, – дейді Сұлтан Хан Аққұлы.

Ол Әлихан Бөкейханды зерттей бастаған 90-жылдардың ортасында «Қыр баласы» атты 6 бөлімді және «Абай және Әлихан» атты деректі фильмдер түсіріпті.

“Бұл тақырыпта диссертация қорғамай тұрып-ақ зерттеулерім қазақ және орыс тілдерінде республикалық телеарналар мен қазақ радиосы толқындарынан көрсетіліп, қазақ және орыс газет-журналдарында жарияланып жатты. 1995 жылдың наурызында диссертациямды қорғаған кезде диссертациялық комиссия мүшелері «Сен не жазғаныңды теледидар, радиодан көріп, тыңдап, газет-журналдардан оқып білеміз» дегені. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры академик Қозыбаев Манаш ағамыз қорғауға шығар алдында диссертациямды сұрап алып, оқыған соң, маған “Диссертацияңның 70%-ы таза тарих екен, сен филологиямен қатар тарихтан да бірдей қорға. Мен маған тарихтан жетекші тағайындайын” деп, Едіге Уәлиханов деген тарихшы ғалымды менің жетекшім етіп тағайындады. Алайда менің филолог жетекшім болған профессор Мүсілім Базарбаев оған үзілді-кесілді қарсы болып, “Кандидаттығыңды филологиядан қорға, ал докторлығыңды тарихтан қорғай берерсің” деп бір-ақ кесті.

Кандидаттығымды қорғауымнан бір жыл өткен 1996 жылы Манаш ағамыз мені тарих институтына докторантураға қабылдады. Бірақ көп ұзамай мен халықаралық журналистика саласына бет бұрдым (3 жыл Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясынның Астанадағы Бюросына директор, 12 жыл Прагадағы орталық кеңсесінде онлайн-редактор, онлайн-журналист болды), бірақ Әлихан Бөкейханның өмірін, телегей теңіз мұрасын жинау мен зерттеуімді бір тоқтатқан емеспін. Зерттеу барысында қолымды бір сілтегім келген кез болған емес, керісінше тереңдей түскім келді. Докторлық қорғау демекші, Әлихан Бөкейханның ешбір ғылыми атақ-дәрежесі болған емес, бірақ ол бүкіл әлем мойындаған ғұлама ғалым. Мен үшін Әлекең үлгі болды. Докторлық қорғау мен үшін қиын емес еді, бірақ мен принципті түрде қорғамадым. Маған ғылыми дәреже, атақ қымбат емес, бірақ шынайы ғылыммен айналысуға, зерттеуге ешкім маған қой дей алмайды. Адамды ғылыми дәрежесі мен атағына қарай емес, еңбегіне қарай бағалау керек, – дейді Сұлтан Хан Аққұлы.

Алаштанушы Әлихан Бөкейханды 35 жыл бойы зерттесе де, түсінде көрмегенін айтты.

“Біз әке-шешеден 11 ағайынды болсақ, көзі тірі бесеуміз. Әкем 3 жасымда, анам 13 жасымда бақилық болды. Әкем ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері, мүгедек болып оралған. Ол дастарқан басында отырған кезде көз алдымда шалқасынан құлаған кезі есімде. 11 баланың ішінде жалғыз әпкеміз бізге ана орнына – ана, әке орнына – әке болды.

Бірақ бақилық болған әкем де, анам да, ағаларым да, 35 жыл зерттеп келген Әлихан Бөкейхан да, неге екенін білмеймін, ешқашан түсіме кірген емес. Мүмкін бұл менің аруақтар алдындағы парызымды орындағаным ба, өз міндетімді атқарып жүргенім бе, әруақтардың маған ризалығы ма – білмедім”

Қысқаша қорытындылайтын болсақ, Әлихан Бөкейхан өз өмірін халқының игілігіне арнады – даңғаза сөзсіз, бірақ білім мен бірліктің күшіне деген терең сеніммен жүрді. Ол жазды, зерттеді, ағартты, оның бүкіл саналы ғұмыры қиян-кескі күреске, тынымсыз ізденіске, ғылымның сан саласын қамтыған зерттеуге толы болды. Оның жолы жеңіл болған жоқ: қуғын-сүргін, қысым, патша дәуірі мен кеңес заманында 8 рет абақтыда отырып, ең соңында ату жазасына кесілді, бірақ ең ауыр кезеңдерінің өзінде де ол өз ұстанымына адал болып қалды.

Back to top button