Forbes Kazakhstan түзген Қазақстандағы ең бай әйелдердің алғашқы рейтингі елдегі капиталдың ірі әулеттердің қолында шоғырланғанын бұрынғыдан да айқынырақ көрсетті.
Тізімге үңілсек, байлықтың қалай бөлінгені бірден көзге түседі: активтер кең таралмаған, керісінше ат төбеліндей топтың қолында шоғырланған. Мысалы, Динара Құлыбаева ($5,4 млрд, 1-орын) мен Дариға Назарбаева ($550 млн, 3-орын) (экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздары – ред.) иелік ететін капиталды қосқанда шамамен $5,95 млрд-қа жетеді. Бұл көрсеткіш ТОП-25-тегі қалған 23 әйелдің жиынтық байлығынан (≈ $2,16 млрд) 2,8 есе көп. Мұндағы капитал туралы деректер де Forbes Kazakhstan жариялаған рейтингтерге негізделген.
Байлықтың мұндай құрылымын тарқатып қарасақ, ең алдымен әулеттік байланыстар айқын көрінеді. Мысалы, Құлыбаевтар әулетінің капиталы қаржы секторымен және мұнай экспортымен тығыз байланысты.
ТОП-25-ке Сәрсеновтар әулетінен екі әйел енген: Анжела Сәрсенова ($249 млн, 4-орын) жанармай құю станциялары мен ритейл желісіне, Карина Сәрсенова ($42 млн, 16-орын) медиа, құрылыс және білім беру жобаларына иелік етеді.
Ибрагимовтар әулетінен Мукадасхан Ибрагимова ($650 млн, 2-орын) кірген. Бұл әулет тау-кен, металлургия және энергетика секторларымен байланысты ірі капиталды ұстап отырғаны белгілі.
Сейтжановтар әулетінен Қаншайым Сейтжанова мен Жанна Сейтжанова ($84 млн, 7-орын) енген. Олар мұнша байлықты мұнай, құрылыс және өнеркәсіп жобалары арқылы ұстап отыр. Қаппаровтар әулетінен Гаухар Қаппарова ($65 млн, 9-орын), ал Сейсембаевтар әулетінен Сәуле Сейсембаева (Марғұлан Сейсембаевтың әйел) ($48 млн, 14-орын) ТОП-25-тің ішінде тұр.
Бұл есімдерді 2025 жылдың ең бай 75 кәсіпкерінің тізімімен бірге қарағанда көрініс айқындала түседі.
Қаржы және банк секторы да әйелдер капиталының маңызды бөлігіне айналған. Тізімде Амина Қасымова ($34 млн, 20-орын) сақтандыру нарығында, Ирина Козлова мен Александра Соколова ($52 млн, 12-орын) ломбард және микрофинанс сегментінде жұмыс істейтіні айтылған. Ал Әлия Маханова ($39 млн, 17-орын) қаржы қызметтері арқылы капитал жинаған. Бұл секторда актив көлемі салыстырмалы түрде орташа болғанмен, ақша ағымы әлдеқайда тұрақты.
Айдан Сүлейменова ($175 млн, 6-орын) ірі сауда-ойын-сауық орталықтарын басқарса, Сандуғаш Кемелбаева ($34 млн, 20-орын) коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандары арқылы табыс тауып отыр. Бұл сегмент негізінен ұзақ мерзімді инвестицияға сүйенеді.
Тұтыну нарығы мен ритейл секторында капитал кеңірек таралғанымен, көлемі жағынан төмендеу. Гаухар Қаппарова ($65 млн, 9-орын), Гүлнар Досаева (Ерболат Досевтың әйелі, $61 млн, 10-орын), Жанна Кан (Сергей Канның жұбайы, $28 млн, 25-орын) және Галина Зкрияева ($33 млн, 22-орын) брендтік тауарлар, сән индустриясы мен дистрибуция саласында жұмыс істейді. Бұл сегмент халықтың тұтыну қабілетіне тікелей тәуелді болғанмен, нарық ауқымы кең.
Өнеркәсіп, шикізат және агросектор бағытында да әйелдер капиталы бар. Мысалы, Айжан Есім (Ахметжан Есімовтің қызы, $207 млн, 5-орын) фосфорит өндірісі арқылы капиталды басқарып отыр. Сәуле Сейсембаева агроөнеркәсіптегі үлестері арқылы табыс тауып отыр.
Түйіндесек, Қазақстандағы қалталы әйелдердің капиталы бірнеше ірі орталыққа шоғырланған. Бір жағында ондаған кәсіпкердің капиталы $30-200 млн аралығында болса, екінші жағында небәрі екі адамның қолында $5,95 млрд актив бар. Бұл елдегі капиталдың құрылымы жеке кәсіпкерлік моделінен гөрі әулеттік байланыстарға, қаржы активтеріне және ірі үлестерге тәуелді екенін көрсетеді.