Қазақстанда қаңғыбас иттер ауланғаннан кейін 5 күн ішінде жойылуы мүмкін
Қазақстанда қаңғыбас иттердің санын реттеу тәсілі өзгертілмек. Бүгін Мәжіліс тиісті заң жобасын қабылдады.
НЕ ӨЗГЕРЕДІ
Жаңа заңға сәйкес, қаңғыбас иттерді ұстап, қайтадан көшеге жіберу тәжірибесі тоқтатылады.
Енді негізгі модель – қайтарусыз аулау. Бұл тәсіл қаңғыбас жануарлар санын азайтуға бағытталған.
ҚАНША КҮН ҰСТАЛАДЫ
Ауланған жануарларға міндетті ұстау мерзімі енгізіледі:
– қаңғыбас иттер үшін – кемінде 5 күн;
– иесі болуы мүмкін жануарлар үшін – 60 күн.
Сонымен қатар мәслихаттарға бұл мерзімді ұзарту құқығы берілген. Жағдайға қарай жануарлар панажайларда ұзақ уақыт ұсталып, жаңа иелеріне берілуі мүмкін.
Депутаттардың мәліметінше, соңғы бір жылда Қазақстанда иттердің шабуылынан 41 мыңнан астам адам зардап шеккен. Оның ішінде 23 мыңнан астам жағдай қаңғыбас иттерге қатысты.
Заң жобасы жергілікті атқарушы органдарға жануарлардың агрессиясына жедел әрекет ету құзыретін де береді. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
МЫСЫҚТАРҒА ҚАТЫСТЫ
Ал қаңғыбас мысықтарға қатысты қолданыстағы тәсіл сақталады. Олар бұрынғыдай тіршілік ортасына қайта жіберіледі.
Мәжілісте бұл өзгерістер қаңғыбас иттердің санын азайтып, адамдарға шабуыл жағдайларын қысқартуға мүмкіндік береді деп есептеледі.
Сонымен қатар жануарларға қатыгездік үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі де қаралғанымен, ол бұл заң жобасына енгізілмеген.