TOP-1Сараптама

Қазақстан ЖІӨ ақшасын жалақыға бөлу жағынан ЕАЭО-да көш соңында тұр

2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 300 млрд долларға жетіп, Қазақстан әлемдік ЖІӨ-ге ең көп үлес қосатын 25 елдің қатарына кірді. Бірақ бұл өсім қарапайым халықтың табысынан қаншалық көрініс тауып отыр? Tizgin.kz сандарға сүйене отырып талдау жасап көрді.

Еліміз 2025 жылды ЖІӨ-нің 6,5% өсімімен қорытындылады. Ресми деңгейде бұл нәтиже экономикалық саясаттың табысы ретінде бағаланып жүр. Ал қоғамда керісінше сұрақ жиі қойылады: экономика өссе, неге халық табысы соған сай артпайды?

Бұл сұраққа жауап беру үшін өсімнің қарқынын ғана емес, сол өсімнің қалай бөлінетінін де қарау керек.
ЖІӨ-дегі еңбек үлесі – экономикада жасалған қосылған құнның қаншасы жалақы мен оған байланысты төлемдер арқылы халыққа жететінін көрсететін негізгі көрсеткіш. Ол мына формуламен есептеледі: еңбек үлесі = еңбекақы / ЖІӨ × 100%.

Tizgin.kz

Мысалы, 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 136,7 трлн теңге болды. Соның ішінде еңбекақыға 42,4 трлн теңге ғана тиесілі. Яғни экономикада жасалған құнның шамамен үштен бірі ғана халыққа жалақы түрінде жетеді.

Соңғы жылдардағы динамика үлкен өзгеріс жоқ екенін көрсетеді:

  • 2022 жыл – 30,4%;
  • 2023 жыл – 30,8%;
  • 2024 жыл – 31,0%.
  • 2025 жыл (қаңтар–қыркүйек) – 31,8%

Үш жылда еңбек үлесі небәрі 1,4 пайыздық пунктке ғана өскен. Ал осы уақытта экономиканың өсу қарқыны әлдеқайда жылдам болды:

  • 2022 жылы – 3,2%;
  • 2023 жылы – 5,1%;
  • 2024 жылы – 5%;
  • 2025 жылы – 6,5%.

Яғни ЖІӨ өсімі 3,2%-дан 6,5%-ға дейін өсіп, 3,3 пайыздық пунктке артқан. Бірақ осы өсімнің халық табысына айналатын бөлігі әлдеқайда баяу өзгерген.

Бір сөзбен айтсақ, экономика өсіп жатыр, бірақ халық тұрмысында соған бара-бар өсім жоқ.

Tizgin.kz

ЕАЭО елдерімен салыстырғанда айырмашылық тіпті айқын. 2024 жылы Ресейде еңбек үлесі 48,1%, Беларусьте 50,1%, Арменияда 45,2% болды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 31% деңгейінде қалып отыр. Яғни бұл елдерде жасалған құнның жартысына жуығы халыққа жалақы арқылы үлестірілсе, Қазақстанда ол үштен бір деңгейінде ғана.

Back to top button