
Қазақстандағы банктер 2026 жылдың алғашқы екі айында тұрақтылық сақтағанмен, табысы деңгейі төмендей бастаған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай мәлімет таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ресми мәліметке сүйенсек, қаңтар-ақпан айларында банктердің таза пайдасы 389 млрд теңге болып, 2025 жылдың алғашқы екі айымен салыстырғанда 13,4% азайған. Бұл шамамен 60 млрд теңгеге жуық табыстың қысқарғанын білдіреді (2025 жылдың қаңтар-ақпанында – 448,9 млрд теңге).
Дегенмен банктердің кредит беру өсімі жалғасып отыр. Несие портфелі 40,2 трлн теңгеге жеткен. Өсім негізінен халыққа берілген қарыздар есебінен қалыптасып отыр деуге болады. Бизнеске берілген несиенің өсімі одан әлдеқайда әлсіз. Өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты экономиканың нақты секторында кредит қысқарып, сауда мен қызмет көрсету салаларында артқан.
Ал депозиттер құрылымында заңды тұлғалардың салымдары азайып, халық жинақтары керісінше өсім көрсеткен. Бұл банктердің қорлану базасы біртіндеп бөлшек сегментке тәуелді бола бастағанын көрсетеді.