Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегі қайта қаралады
Қазақстан Үкіметі әзірлеген қаулы жобасында зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне өзгерістер енгізу қарастырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
МАҚСАТЫ НЕ
Мұндай түзетулер міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ емделу ақысын төлеу мақсатында берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға негізделген. Сонымен қатар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражатты қайтару тәртібі, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесі және зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін белгілеу әдістемесі де қайта қаралады.
Жоба зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау тетігін жетілдіру және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін төлемдердің барабарлығын арттыру мақсатында әзірленген.
ҚҰЖАТ ТАЛҚЫҒА САЛЫНАДЫ
Құжаттың негізгі мақсаты сол, жинақтаушы зейнетақы жүйесінен берілетін төлемдер жеткіліктілігін арттырып, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау тетігін жетілдіру.
Атап айтқанда, жоба азаматтардың зейнетақы кірістерін неғұрлым тұрақты әрі теңгерімді қалыптастыруды қамтамасыз етуге бағытталған ең төменгі жеткіліктілік шегін қайта қарауды көздейді. Бұл жерде кейінге қалдырылған өмір бойғы зейнетақы аннуитетінің құны негізге алынады.
Құжат қоғамдық талқылау үшін 21 сәуірге дейін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.