TOP-2

Қазақстанда бензин мен дизель бағасы қайта қымбаттай бастады

Қазақстанда бензин мен дизель бағасын ұстап тұрған мораторий 31 наурызда аяқталды. Сарапшылар енді АИ-92 мен дизель отынының бағасы кезең-кезеңімен өсетінін айтып жатыр.

Алғашқылардың бірі болып бағаны Qazaq Oil (PetroRetail) желісі көтерді. Мәселен, Астанада АИ-92 бензині 237 теңгеден 238 теңгеге, ал дизель 327 теңгеден 328 теңгеге өсті. Сондай-ақ GASENERGY желісі АИ-92 бензинін 238 теңгеден, ал дизель отынын 328 теңгеден сатуда.

ҚАНШАҒА ҚЫМБАТТАЙДЫ

Қазіргі бағалар мен өткен күздегі көрсеткіштерді салыстырсақ, АИ-98 шамамен 12,3 пайызға, ал АИ-95 9 %-ға қымбаттаған. Демек, АИ-92 мен дизель отыны да осы өсімді «қуып жетуі» мүмкін.

Егер баға 9%-ға өссе, АИ-92 шамамен 21 теңгеге, ал дизель 29 теңгеге дейін қымбаттайды. Ал өсім 12,3%-ға жетсе, баға тиісінше 29 және 40 теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

 Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров бағаның бірден емес, біртіндеп өсетінін айтады.

«Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, негізінен күрт өсім болмайды. Баға біртіндеп көтеріледі», – деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Вице-министр АИ-92 мен дизель отынының нақты қаншаға және қандай мерзімде өсетіні туралы нақтылаған жоқ. Яғни, бұрынғыдай әр кезеңде 1-2 теңгеден қосылып отырады. Осылайша жанармай бағасы іс жүзінде апта сайын өзгеруі мүмкін.

 

Back to top button