TOP-2Экономика

Армения ЕАЭО-дан шығу туралы айта бастады

Мәскеудің газ бопсасы Еуразиялық экономикалық одақтың іргесін шайқауы мүмкін

Армения билігі Ресей экспорттайтын газ бағасына қатысты пікірталас күшейген тұста Еуразиялық экономикалық одақтан шығу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

4 сәуірде парламент спикері Ален Симонян журналистермен кездесуде:

“Егер газ бағасы көтерілсе, біз ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дан шығу процедурасын бастауымыз мүмкін”, – деп мәлімдеді.

DolceVelle-нің жазуынша, Армения парламентінің басшысы Ресеймен өткен екіжақты келіссөзді «өте табысты» деп бағалап, шын мәнінде Ресей газының бағасы өсуі екіталай екенін айтқан.

Бұл мәлімдеме кездейсоқ емес. 1 сәуірде Мәскеуде өткен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин Арменияға экспорттап отырған газ бағасы туралы пікір білдірген.

“Қазір Еуропада газ бағасы 1000 текше метрге 600 доллардан асып кетті. Ал Ресей Арменияға газды 177,5 доллардан сатып отыр. Айырмашылық үлкен, – деген ол Армения премьер-министрі Никол Пашинянға қаратып.

Жалпы Ереван көгілдір отынның басым бөлігін Ресейден алады. 2025 жылы бұл ел сырттан 2,7 млрд текше метр газ импорттаған. Оның 2,2 млрд текше метрі Ресейден, 475,8 млн текше метрі Ираннан жеткізілген.
Арменияға Ресейден газ жеткізіп, таратумен «Газпром» компаниясы айналысады. Бұл газ алпауыты талай жылдан бері Қазақстанмен де газ жеткізу жөнінде келіссөз жүргізіп келеді. Әңгіме Қазақстанның Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын газдандыру жоспары туралы болып отыр.

Back to top button