Қоғам

Джеки Чан әйгілі фильмін Қаскелеңде түсіретін болды

Көпшілік жүрегін жаулаған танымал фильм түсірілімі үшін Алматы облысында Dala Stage павильонының құрылысы басталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Ratel.kz-ке сілтеме жасап.

УАҚЫТ КАПСУЛАСЫ ЖЕТКІЗІЛДІ

Джеки Чан жолдаған символикалық уақыт капсуласының жеткізілуі салтанатты шараға тұздық болды. Тікұшақпен тікелей құрылыс алаңына әкелінген капсуланы Доспехи бога 4: Ультиматум картинасының режиссері Роберт Кун күтіп алды.

Маңызды іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Өңір басшысы Джеки Чан продюсері Ли Чиу Ва, сондай-ақ «DALA EDGE» креативті және технологиялық индустриялар паркі мен «Salem Entertainment» компаниясы басшыларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Қазіргі заман – интеллект пен таланттың, озық технологиялар мен тың идеялардың дәуірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев креативті экономиканы дамытуды елдің стратегиялық басымдығы ретінде айқындап берді. Бұл – мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды бағыт. Бүгін біз осы бастаманың нақты жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз.

БАСТЫ РӨЛДІ ДЖЕКИ ЧАН СОМДАЙДЫ

«Dala Stage Creative Tech Park» секілді заманауи алаңдардың салынуы – тек инфрақұрылым қалыптастыру ғана емес. Бұл ұлттық болмыс заманауи цифрлық технологиялармен үйлесім тапқан жаңа индустрияны қалыптастыру. Жоба жетекші халықаралық мектептер мен студиялармен бірлесе іске асырылады. Бұл тәжірибе алмасуға және білікті мамандар даярлауға кең мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Алматы облысы дарынды жастарды тартатын орталыққа айналып, заманауи креативті экожүйе қалыптастырады.

Киноиндустрия қарқынды дамып келеді, ол ауқымды шешімдер мен жоғары технологияларды талап етеді. «Dala Stage Creative Tech Park» жобасы отандық мамандарға әлемдік деңгейдегі студиялармен бәсекеге түсуге жол ашады. Жаңа павильонда түсірілетін әр жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеп, еліміздің халықаралық аренадағы оң имиджін нығайтуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, жаңа алаңда түсірілетін Доспехи бога 4: Ультиматум фильмінде басты рөлді әлемге әйгілі экшн жұлдызы Джеки Чан сомдайды.

Back to top button