TOP-1Пікір

«Ормуз» әсері: араб елдері Қазақстандағы жобаларын тоқтатуы мүмкін

Мұнай бағасының баррелі 100 доллардан асып қымбаттаған тұста ОПЕК+ ұйымына мүше елдер «қара алтынның» өндірісін тәулігіне едәуір арттыру жөнінде келісімге келді. Мәмілеге сәйкес, Қазақстан мамырда тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін арттыра алады. Бұл Қазақстан бюджетіне қаншалықты әсер ететінін Tizgin.kz порталы экономист Сапарбай Жобаевтан сұрап көрді.

Экономистің айтуынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің ішінде мұнай-газ саласының үлесі қазір – 12-13 пайыз ғана.

«Бізде экспорт түсімінің жартысы мұнайдан түседі. 80 млн доллардың экспортын жасаймыз. Соның жартысына жуығын мұнай-газдан аламыз. Бюджет екіге бөлінеді. Бір бөлігі Ұлттық қорға жиналады. Ал бюджетке тікелей түсетіні 60 пайыз болады. Бюджеттегі ақша әлеуметтік бағдарламаларға: білім, денсаулық, зейнет, әлеуметтік төлемдер, мүгедектік үшін төленетін төлемдерге аударылады. Бұл ақша әлеуметтік төлемдерге, халыққа жәрдем беруге тікелей оң әсер етеді», – дейді сарапшы.

Экономистің сөзінше, бірақ мұнай бағасының қымбаттауының теріс жағы да бар.

Сапарбай Жобаев

«Біз араб мемлекеттерімен көп инвестициялық жобалар бойынша келістік. Солар қазір енді жобаларын тоқтатуы мүмкін. Олар инвестиция салғаны былай тұрсын, Батыс елдерінің көп ақшасы араб елдерінен кетіп жатыр. Тыныштық жоқ жерден ақшаны алып кетеді. Биржаларынан облигацияларды сатып алмайды. Сондықтан олардың бізге инвестиция салуға мүмкіндігі шектелді», – дейді ол.

Сапарбай Жобаев сонымен қатар, араб елдері Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдері, металл, химия өнімдерін алуын азайтуы мүмкін. Сарапшы десе де, бұл Қазақстан үшін көп шығын деп есептемейді. Себебі Қазақстан араб мемлекеттерімен үлкен сауда әріптес емес.

«Біз негізі Қытай, Ресй, Еуропа және Орта Азия, түрік мемлекеттерімен саудаласамыз. Кейін Иранмен де дәл сондай жағдай. Онда да көп инвестициялық жобамыз бар еді. Олар тоқтап қалады, кейін саудамыз азаяды. Әрине, бұлардың әсері мұнай мен газдан түсіп жатқан әсерден көп болса оннан бірі ғана шығар. Артықшылығы – бюджетке, әлеуметтік бағдарламаларды орындауға мүмкіндіктеріміз көбейіп тұрғаны рас. Осындай геосаяси жағдайды дұрыс пайдалануымыз керек», – дейді сарапшы.

Кеше ОПЕК+ құрамындағы сегіз ел мұнай нарығын тұрақтандыру үшін өндіріс көлемін қайта түзету туралы келісімге келді. Шешім 2026 жылы мамырдан бастап күшіне енеді.

Back to top button