ОПЕК+ құрамындағы сегіз ел мұнай нарығын тұрақтандыру үшін өндіріс көлемін қайта түзету туралы келісімге келді. Шешім 2026 жылғы мамырдан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман 5 сәуір күні виртуалды кездесу өткізіп, жаһандық нарықтағы жағдай мен алдағы перспективаларды талқылады.
НЕ ӨЗГЕРЕДІ
Келіссөз қорытындысы бойынша қатысушы елдер тәулігіне 206 мың баррель мөлшерінде мұнай өндіруге келісті. Бұрынғы шектеулер нарықтағы жағдайға қарай кезең-кезеңімен қайтарылуы мүмкін.
«1,65 миллион баррель (2023 жылы бекітілген) тәуліктік қысқарту көлемі өзгермелі нарық жағдайына байланысты ішінара немесе толық көлемде қайта енгізілуі мүмкін», – делінген ресми мәлімдемеде.
Елдер нарықты тұрақтандыру үшін икемді саясат ұстанатынын атап өтті. Қажет болған жағдайда өндірісті арттыру, уақытша тоқтату немесе қайта қысқарту мүмкіндігі сақталады.
ОПЕК+ елдері мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтау басты міндет екенін ерекше атап өтті.
«Біз нарық жағдайын мұқият бақылауды жалғастырамыз және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін сақтық пен толық икемділік қағидатын ұстанамыз», – деп мәлімдеді қатысушы елдер.
Сондай-ақ елдер 2024 жылдың қаңтарынан бері орын алған артық өндіріс көлемін толық өтеуге ниетті екенін растады. Бұл процесті Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (JMMC) бақылап отырады.
ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ
Кездесу барысында энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар мен халықаралық теңіз жолдарының қауіпсіздігі де талқыланды.
«Энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар мен теңіз жолдарының бұзылуы нарықтағы құбылмалылықты арттырып, жаһандық жеткізілімге қауіп төндіреді», – делінген мәлімдемеде.
ОПЕК+ елдері энергия тасымалының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін баламалы экспорт бағыттарын қолдану маңызды екенін атап өтті.
КЕЛЕСІ КЕЗДЕСУ ҚАШАН
Ұйым елдері нарықтағы жағдайды тұрақты түрде бақылап отыру үшін ай сайын кездесіп отырады. Келесі кездесу 2026 жылғы 3 мамырға жоспарланған.
ОПЕК+ шешімі әлемдік мұнай нарығындағы теңгерімді сақтауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.