Әділетхан Молдахан заң саласынан кетсем деп ойланып отыр – адвокаты
Әділетхан Молдаханның адвокаты Нұртуған Өмірзақ журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қорғауындағы заңгер қамауда қалай отырғанын айтып берді, деп жазады Tizgin.kz.
“Қазір жағдайын көріп отырмыз. Жүдеп қалған. “Заң саласынан шығып кетсем екен” деген де ойлар мазалап жатыр деді. Шыққаннан кейін істей алмайтын шығармын деді. Полиция тарапынан қысым болып жатқан жоқ, бірақ дұрыс тамақтана алмадым деді. Ойланып қалғаны көрініп тұр. “Мен бір нәрсені дұрыс істемедім бе, бұл саладан ауыссам ба, істей алам ба, жоқ па” деп ойланып отыр. Сені бүкіл Қазақстан қолдап жатыр, уайымдама дедік”, – дейді Нұртуған Өмірзақ.
Әлеуметтік желілерде бұған дейін заңгердің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алматы қалалық полиция департаменті бұл мәліметті растады.
Әділетхан Молдахан – азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер. Оның Instagram парақшасына бір миллионнан астам қолданушы жазылған. Жақында ол Алматыда үш кісінің өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасын терең талдап, видео түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған еді. Сол үшін қоғамның қолдауына ие болған.