TOP-2Сараптама

ERG, Kazzinc, Қазақмыс мәмілелері: акционерлер ауысты – модель сол күйінде қалды

Қазақстан металлургиясындағы ірі ойыншылардың акционерлері ауысып жатыр. ERG-дің шамамен 40 пайыз үлесін Шахмұрат Мүтәліп сатып алуға ұсыныс жасаған. Reuters пен Financial Times деректеріне сүйенсек, бұл үлес шамамен 1,4 млрд долларға бағаланған. Glencore соның 800 млн долларын феррохром жеткізіліміне байлап ұсынуға дайын, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шахмұрат Мүтәліп Kazzinc-тің 70 пайыз акциясына да осындай схемамен келіссөз жүргізіп жатыр. Bloomberg мәліметінше, ол мәміленің ықтимал құны 4-4,5 млрд доллар болуы мүмкін.

Ал «Қазақмыс» корпорациясын Нұрлан Артықбаев сатып алған. Bloomberg бұл мәмілеге Mercuria Energy Group шамамен 1,2 млрд доллар бөлгенін жазды.

Осылайша актив иелері өзгергенімен, өнімді өткізу мен қаржыландыру арналары сол күйінде қалады.

Бұл мәмілелердің әлеуметтік салмағы жоғары. ERG, Kazzinc және «Қазақмыс» кәсіпорындарында 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мемлекет үшін басты міндет – осы жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ал инвесторлардың негізгі мақсаты – активтерді тиімді қаржылық схема арқылы басқару. Осы мақсатқа жету үшін инвесторлар трейдерлік қаржыландыру тетігіне сүйенеді.

Соңғы мәмілелердің құрылымына қарасақ, жаңа акционерлер де қазақ жерінің байлығын трейдерлердің қаржысына сүйеніп игере береді. Offtake-келісім арқылы металды алдын ала сатып алу құқығына қол жеткізген трейдерлер өндіріс пен экспорт ағындарын бақылауда ұстап қалады. Демек, Қазақстан аумағында өндірілген металдың негізгі бөлігі бұрынғыдай сыртқы сауда делдалдары арқылы өтеді.

Бұл модель бізге таңсық емес. Кеңес одағы тарағаннан кейін Қазақстан металлургиясы әлемдік нарыққа дербес шығуға дайын болмады. Технологияның деңгейі, маркетинг тәжірибесі және капитал тапшылығы трейдинг компанияларға тәуелділікті күшейтті. Сол кезеңде таңдалған модель бүгінге дейін сақталып отыр.

Қазіргі мәмілелер бұл жүйені өзгертпейді. Керісінше, оны қайта бекітіп отыр. Жаңа инвесторлар үшін ең тиімді жол – дәл осы дайын инфрақұрылымды пайдалану. Ал халықаралық трейдерлер үшін бұл Қазақстан металын бақылауда ұстаудың сенімді тетігі.

Сондықтан акционерлердің ауысуы стратегиялық өзгеріс әкеледі деу қиын. Өндіріс құрылымы да, экспорт арналары да, қосылған құнды бөлу механизмі де сол күйінде қалып отыр. Негізгі пайда бұрынғыдай халықаралық сауда тізбегінде бөлінеді, ал Қазақстан қосылған құнды толық бақылау мүмкіндігінен айырылып отыр.

Back to top button