Қазақстанда мектеп бағдарламалары қалай өзгереді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдады. Президентке 2025 жылдың қорытындысы мен биылға арналған міндеттерді таныстырған министр оқу бағдарламалары жаңартылып жатқанын мәлімдеді.
НЕ ӨЗГЕРЕДІ
Министрдің айтуынша, мектеп бағдарламаларына жүйелі талдау жүргізілген. Соның нәтижесінде оқу мазмұны қайта қаралып, негізгі дағдыларға басымдық берілуде.
«Мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық бере отырып, қайта қаралуда», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленген. Сондай-ақ мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде.
ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАРҚЫНЫ
Білім беру саласында цифрландыру жұмыстары да күшейген. Қазір мектептердің 99 пайызы интернетке қосылған.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы 6760 мектепке енгізілген. Дипломдар, аттестаттар мен анықтамалар цифрлық форматқа көшірілді. «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін толығымен автоматтандыруға жол ашады», – дейді министр.
Бұдан бөлек, 240 мыңнан астам педагог жасанды интеллектіні қолдануды меңгерген. Тағы 200 мың мұғалім ChatGPT Edu жобасы аясында ЖИ құралдарын игеріп жатыр.
Министрдің сөзінше, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы аяқталған.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ
Тоқаев білім сапасын арттыру және оны қолжетімді ету, мектептердегі орын тапшылығын азайту, бюджет қаржысын тиімді жұмсау, саланы цифрлық тұрғыдан трансформациялау, соның ішінде Qazaq Digital Mektebi жобасын іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді.
Президент алдағы үш жылда «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін білім беру ұйымдарына енгізу маңызды екенін атап өтті.
Бұған дейін мектеп оқулықтары мен білім беру бағдарламалары толықтай қайта қаралатынын жазғанбыз.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі енді оқушыларды 1 сыныпқа қабылдау науқанының басталу мерзімін 1 сәуірден 27 мамырға ауыстырғанын хабарлаған.