TOP-2Білім

Тоқаев Нұрбекке тапсырма берді: ғылым саласында не өзгереді

Мемлекет басшысы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады, деп жазады Ақорда.

Президентке ведомство қызметінің басым бағыттары мен ғылым және жоғары білім салаларындағы стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру барысы баяндалды. Саясат Нұрбек жаңа Конституцияның білім және ғылым салаларындағы әлеуеті жайында мәлімет беріп, адам капиталын дамытатын экожүйе құру шаралары мен таланттарды үздіксіз қолдау тетігін таныстырды. Еңбек нарығын зерттеу нәтижелері мен 2030 жылға дейінгі мамандарға сұраныс болжамын ұсынды.

Жоғары білімнің қолжетімділігін кеңейту шараларына, соның ішінде «Келешек» механизмі мен саланы қаржыландырудың жаңа моделін енгізуге баса назар аударылды. AI-Sana ұлттық қозғалысын ілгерілету және AI-Enabled University индустрия университетін іске қосу жайында баяндады.

Жаңа типтегі бұл жоба білім беру мен өндіріс үдерісіне жасанды интеллектіні пайдаланады. Инновациялық кластерлер мен ғылым қалашықтары сияқты ғылыми-өндірістік аймақтарды құру жоспарын бөлісіп, DeepTech пен күрделі өндірістерді дамыту моделіне көшу жүйелі түрде қолға алынғанын жеткізді.

“Мұнда жоғары оқу орындары мен облыс әкімдіктерінің өзара байланысы айрықша мәнге ие. Бұл технологиялық міндеттер мен келешегі зор бағыттарды анықтауға жол ашады. Аталған механизм аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіледі, өнеркәсіп үлгілері жасалып, өндіріс іске қосылады. Ғылыми саясатты жетілдіруді көздейтін реформалар жалғасып жатыр. Министрлік ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдауға, гранттар мен сыйлықтар беруге, ғылыми тағылымдамаға жіберуге, сондай-ақ жас ғалымдарды баспанамен қамтуға ерекше мән береді”, – делінген хабарламада.

ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ

Мемлекет басшысы министрге жоғары білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және оларды коммерцияландыру, инновациялық қызметті ынталандыру, инфрақұрылым мен шетелдік университет филиалдарының жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Back to top button