Тұрлыхановтың ұлы бостандыққа шықты
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат сот тағайындаған жазасын толық өтеп шыққан, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Бұл туралы ақпаратпен Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бөлісті. Ведомство мәліметінше, Нұрасыл Болат сот үкімімен белгіленген жаза мерзімін толық өтегендіктен босатылған.
Оған қатысты оқиға 2023 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылдың қазан айында Алматы қаласында сот Дәулет Тұрлыхановтың ұлын заңгерлер Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соғу ісі бойынша кінәлі деп танып, оған 500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салған.
Кейін, 2024 жылдың мамырында Жоғарғы сот үкімді қайта қарап, айыппұлды екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.
ЖАЗАСЫН ЖЕҢІЛДЕТУГЕ ТЫРЫСҚАН
2024 жылдың жазында бұл іс қайтадан қоғам назарын аударды. Әлеуметтік желіде Болаттың Алматыда түнгі уақытта серуендеп жүргені туралы видео тарады. Сол кезде ҚАЖК оның пробация қызметінің есебіне тек 14 тамызда алынғанын хабарлаған. Ал кейін Ішкі істер министрлігі осы жағдайға байланысты кінәлі қызметкерлердің жауапқа тартылғанын мәлімдеді.
2024 жылдың күзінде сот жазаны қатаңдатты. Алдымен Болаттың шектеулерге қарамастан тойда жүргені белгілі болды. Артынша сот оның жазаны өтеу тәртібін бұзғанын анықтап, жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Осыдан кейін ол түзеу мекемесіне жіберіліп, қорғаушы тарап бұл шешімге шағымдануға тырысты.
2025 жылы Болат жазасын жеңілдетуге әрекет жасады. Маусым айында ол бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлға ауыстыруды сұрағанымен, кейін бұл өтінішін кері қайтарып алды. Қыркүйекте сот оның жазасын жеңілдетуден түпкілікті бас тартты.