Әндерін әйгілі «Интер» футбол клубының PR-қызметі жұмысына пайдаланып, Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян «стористеріне» салған Баянсұлу Сағындықова мен әншіні танымал еткен хит туындылардың композиторы Қуат Әбілдің дауы сазсүйер қауымды екі жаққа бөліп жіберді. Tizgin.kz бұл дауда кімнің ұстанымы дұрыс екеніне үңіліп көрді.
Композитор еңбегіне лайық қаламақы алмағанын айтса, әнші бастапқыда төленген ақыны автор азсынып, айнып қалғанын алға тартады. Салдарынан YouTube хостингіндегі кейбір бейнебаяндар уақытша бұғатталып, шектеу қойылған. Кейін уақытша келісім аясында контент қайта жүктелгенімен, мәселе толық шешілмеген. Әнші продюсерін ауыстырғаннан кейін дау қайта жанданған. Композитор жаңа продюсерге талап қойғаннан кейін сотқа шақырту алғанын жариялады.
Заң не дейді
Авторлық құқық жөніндегі заңгер Ринат Абдулхаликовтан осы кейсте заң кімнің жағында екенін сұрап көрдік.

“Кез келген шығарманың авторлық құқығы оны шығарған сәттен бастап автоматты түрде пайда болады және автордан ажырамайды. Бұл қағида Берн конвенциясында да бекітілген, авторлық құқықты тіркемеген күннің өзінде құқық туындыны шығарған адамға тиесілі болады. Сіз сұрап отырған кейсте де авторлық құқық композиторға тиесілі болып қала береді, – дейді сарапшы.
Авторлық құқықтан бөлек мүлік құқығы бар. Бұл ұғым музыка туындысына байланысты да қолданылады. Басқаша айтсақ, шығарманы пайдалану, тарату, орындау және одан табыс табу құқығын заң тілінде мүлік құқығы деп атайды.
Заңгердің айтуынша, өз шығарған туындысын тарату, орындау, сол арқылы табыс табу бастапқыда авторға тиесілі болады. Өзі қалаған жағдайда ғана басқа адамға бере алады.
“Бірақ ондай мәміле міндетті түрде жазбаша келісімшартпен рәсімделуге тиіс. Егер мұндай құжат болмаса, туындыдан пайда көру құқығы автордың өзінде қалады. Осы құқығы тапталған жағдайда автор шығарманы пайдалануға тыйым салуға хақылы, – дейді Ринат Абдулхаликов.
Баян Сұлудың кейсі заңгер айтып отырған шалағай мәміленің классикалық үлгісі деуге болады. Өйткені ауызша келісім негізінде, мүлік құқығын алу үшін қандай да бір ақша төленген.
Сарапшының сөзінше, ақша аударымдары құқықтың автордан орындаушыға берілгенін білдірмейді.
“Банк аударымдары, түбіртек немесе сыйлықтар арада қандай да бір мәміленің болғанына жанама дәлел бола алады. Бірақ нақты даудың өзегі болып отырған шығармалардан пайда табу құқығын алу үшін төленгенін қосымша дәлелдеу керек. Композитордың «бастапқыда кәсіби ортаға танылу үшін құқығымды бөлістім» деген уәжінің де заңдық күші жоқ. Мұндай қатынастың бәрі міндетті түрде нақты шарттар көрсетілген жазбаша келісімшартпен бекітілуге тиіс, – дейді ол.
Заңгер өз тәжірибесінде мұндай шалағай мәмілелерден туындаған дауларда көбінесе орындаушылар ұтылғанын айтады.
“Әрбір шарт ресми түрде рәсімделіп, құжатпен құнтталмаса, автор сотқа жүгініп, өз мүліктік құқықтарын қорғай алады. Мұндай жағдайда орындаушының өтемақы төлеу ықтималдығы жоғары”, – дейді сарапшы.
Ринат Абдулхаликов жазбаша келісімшарт жасаған кезде де мұқият сақталу керек процедуралар бар екенін айтады.
“Төлем форматы бір реттік гонорар ма, әлде роялти ме – алдын ала келісілгені жөн. Қажет болса, шығарманы эксклюзив пайдалану құқығын да бөлек бекіту қажет. Өнер туындысына мүліктік құқық беру де пәтер немесе көлік сатып алу мәмілесі сияқты міндетті түрде құжатпен рәсімделуі керек”, – дейді ол.
Маман кеңесі
Сондай-ақ, заңгер нақты Баянсұлу Сағындықованың кейсі қалай өрбуі мүмкін екені туралы сұрақтарға нақты жауап берді.
– Әнші әндердің мүлік құқығын сатып алғанын дәлелдей алмаса, композитор әндерді пайдалануға тыйым салып, оларды платформалардан алып тастай ала ма?
– Егер жазбаша келісімшарт немесе туындыларға мүлік құқығы берілгенін растайтын өзге құжат болмаса, композитор қалауынша әрекет ете алады.
– Мүлік құқығының ақысы ретінде сыйлық берілген сәттің бейнежазбасы екі арада мәміле болғанына дәлел бола ала ма?
– Болуы мүмкін. Төлем жасаған тараптың қолында бейнежазба болса, аударымдардың, түбіртектердің немесе сыйлықтардың мақсатты түрде берілгенін дәлелдеуге болады.
– Мәміле продюсер мен автор арасында болып, әнші кіріспеген болса, жауапкершілік кімге жүктеледі?
– Продюсердің өз кезегінде орындаушымен жасалған, оның міндеттері мен өкілеттіктері көрсетілген жеке келісімшарты болу керек. Ал мұндай келісімшарт болмаса, продюсердің мойнында жауапкершілік те болмайды.