“Қауіп жоқ”: ҚР СІМ Ресейде төбелесіп ұсталған қазақстандықтар жайлы не дейді
Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Ресейде қазақстандықтар қатысқан жаппай төбелес жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Біздің консул Қазақстан азаматтарына барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр. Ондаған адам ұсталды, олардың басым бөлігі босатылды. Кейбір азаматтар әкімшілік қамауда отыр. Қазақстанның үш азаматына қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Жалпы, жанжал тек тұрмыстық негізде туындаған. Қазір жағдай тұрақты, ешқандай қақтығыс жоқ. Оларға бүгін ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – деді Ашықбаев мәжіліс кулуарында.
СІМ басшысының орынбасарының айтуынша, кәсіпорында жұмыс істеп жатқан қазақстандықтарды елге қайтару қажеттілігі жоқ. Жалпы портта шамамен 4 мыңға жуық отандасымыз еңбек етеді.
Бұған дейін Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы бас консулдығы қазақстандықтардың қатысуымен болған жанжал туралы ақпаратты тексеріп, Ресейдің құзырлы органдарына ресми сұраулар жолдағаны, сондай-ақ барлық мән-жайды анықтау үшін құқық қорғау органдарымен байланыста екені хабарланған болатын.
30 наурызда Қазақстан СІМ Ресейдегі тәртіпсіздіктер ісі бойынша бірқатар қазақстандықтың қамауға алынғанын және тағы үш азаматқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.