Қырымда ресейлік әскери ұшақ құлап, 29 адам қаза тапты
Әскери-транспорттық Ан-26 ұшағы Қырым үстінде ұшып бара жатқан кезінде апатқа ұшырады. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, алты экипаж мүшесі мен 29 жолаушы қаза тапқан. Ведомствоның дерегіне сәйкес, апаттың алдын ала себебі – техникалық ақау. Мемлекеттік БАҚ көздері ұшақтың жартасқа соғылғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
«Іздестіру-құтқару тобы Ан-26 ұшағының апат болған орнын анықтады. Оқиға орнынан берілген мәліметке сәйкес, алты экипаж мүшесі мен борттағы 23 жолаушы қаза тапты», – деп «Интерфакс» агенттігі мәлімдемеден үзінді келтіреді.
«Ұшаққа сыртқы соққы әсері болмаған. Апаттың алдын ала себебі – техникалық ақау», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі сейсенбі күні шамамен сағат 18:00-де әскери-транспорттық Ан-26 ұшағымен байланыс жоғалғанын хабарлаған. Ұшақ аннексияланған Қырым үстімен жоспарлы рейс орындап жатқан. «Ұшаққа сыртқы соққы әсері болмағаны» алғашқы мәлімдемеде де айтылған.
ТАСС агенттігінің дереккөзі «ұшақ жартасқа соғылғанын» мәлімдеді. «РИА Новости» агенттігінің сұхбаттасы да «әуе кемесі жартасқа соғылды» деп хабарлаған. Өзге мәліметтер жарияланған жоқ.
Жеңіл әскери-транспорттық Ан-26 ұшағы 1975 жылы қарулануға қабылданған. Ол әскер мен техниканы орта қашықтыққа тасымалдауға арналған.
2020 жылдың қыркүйегінде Украинада, Харьков облысында Ан-26 ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан 26 адам қаза тауып, бір адам аман қалған еді. Апат оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған. Ұшақ Чугуев қаласының маңында құлаған.