Күдікті жазадан қашып кетпек пе – Нұрай Серікбайдың ағасы Президентке жүгінді
Шымкентте кісі қолынан мерт болған Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай күдікті симуляция жасап, өзін психикалық ауытқуы бар адам ретінде көрсетіп жатыр деп есептейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Нұрайдың ісі не болып жатыр
Дәл осы сұраққа Сұлтан Серікбай естуі бойынша, қазір күдікті Аймахан Шерхан “психикалық ауытқуы байқалды” деген себеппен Алматы облысы Талғар ауданында ем қабылдап жатыр деген сыбыс бар деген мәліметті жария етті.
“Осыған байланысты, өкінішке қарай Нұрайдың ісі созбаланып жатыр. Арада 3 ай өтті, бірақ әлі тергеу аяқталған жоқ және сот процесіне жеткен жоқ”, – дейді ол.
Осыған байланысты жәбірленуші тергеу органдары төмендегі сұрақтарға жауап беруі керек деп есептейді.
- Сап-сау адамда қалайша кенеттен психикалық ауытқу байқалды?
- Күдікті осылай симуляция жасап, жазасын алмай қашып кетпек пе?
- Не үшін іс созбаланып жатыр?
- Ауқатты отбасының көмегімен жазадан қашып кетпеуіне кім кепіл?
- Президент Тоқаев мырзаның тапсырмасы не үшін тиісті деңгейде жүргізілмейді?
“Сондықтан да Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және Президент әкімшілігіне үндеу жолдаймыз. Нұрайдың ісін бақылауға алып, тиісті деңгейде жүргізілсе екен дейміз. Біз тек әділдікті талап етеміз!” – дейді ол.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған. Қыздың ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған.
Ал 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.