Жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет жасөспірімге жүрек трансплантациясы жасалды

28 наурызға қараған түні елордадағы клиниканың дәрігерлері 15 жастағы жасөспірімге күрделі ота жасап, оны сәтті аяқтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бала 10 жасынан бері ауыр дертке шалдыққан, ауруы жиі асқынып, бірнеше рет ауруханаға жатқызылған әрі күнделікті өмірінде айтарлықтай шектеулерге тап болған. Донор ретінде ми өлімі тіркелген 43 жастағы ер адам болды.

Диагноз расталғаннан кейін оның туыстары мәйіттік донорлыққа келісім берген. Сол шешімнің, сондай-ақ дәрігерлер мен трансплантологтар тобының үйлесімді жұмысының арқасында жасөспірімге жаңа, толыққанды өмірге нақты мүмкіндік туды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ол жансақтау бөлімінен профильдік операциядан кейінгі бөлімшеге ауыстырылды.

Қазақстанда түрлі ағзаларды трансплантациялауға кезекте тұрған 123 кәмелетке толмаған науқас бар, олардың тоғызы жүрек алмастыруға мұқтаж.

Отадан кейін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жасөспірім мен оның анасын арнайы барып көріп, медициналық топқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

Back to top button