Прокурор Жақсылық Омарды 6 жылға соттауды сұрады
Өскеменде облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бүгін сотталушыны конвой сот залына кешіктіріп әкелгендіктен, процес белгіленген уақыттан 30 минуттан кейін басталды.
Бүгінгі сотта прокурор Жақсылық Омарға тағылған қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары (ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша 3 жылға соттауды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы соттан іске негіз болған Камри көлігін тәркілеуді, айыпталушыны мемлекеттік (квазимемлекеттік) қызметтен өмір бойына шеттетуді, сондай-ақ 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ірі мөлшерде пара алу) бойынша 6 жылға соттауды өтінді. Екі бапты қоса келе прокурор Жақсылық Омарды 6 жылға соттауды, одан бөлек “Құрмет” орденінен айыруды сұрады.
Адвокат Жақсылық Омарға қолданылатын жазаның бас бостандығынан айырумен байланыстырмауын өтінді. Оның жеті баласы бар екенін, 5-уі кәмелетке толмағанын, 3-уі мүлде кішкентай екенін айтты. Қарт ата-анасы бар екенін де жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қарастыруды сұрады. Айыппұл салынуын орынды санады.
Омардың сотта “мұның алдындағы сот талқылауында кінәмді толық мойындайтынымды айттым. Келтірілген шығын толық өтелді. Отбасылық жағдайымды, бұрын сотталмағанымды ескеріп, айыппұл салу жазасын тағайындауларыңызды сұраймын” деді.
ЖАҚСЫЛЫҚ ОМАРДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Өткен айда телеграм-арналарда Жақсылық Омардың ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Облыс әкімдігі әуелі оның ұсталғанын растамай, денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысын алғанын хабарлаған еді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жақсылық Омардың ұсталғанын растады.
Ұсталғанға дейін Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Оның алдында алты жыл бойы Өскемен қаласының әкімі қызметінде болды.
Мұның алдындағы сотта Омар өзіне тағылған айыптарды мойындаған еді.