БілімЖаңалықтар

Таяу Шығыстағы шиеленістен елге келетін студенттер саны 100 мың жетуі мүмкін

Билік алдағы бірнеше жыл ішінде шетелдік студенттер санын үш есеге жуық көбейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Қазақстанның жоғары оқу орындарына шетелдік студенттердің қызығушылығы айтарлықтай артқанын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Оның айтуынша, әсіресе Таяу Шығыс елдеріндегі университеттерден ауысу жағдайлары жиілеген.

«Қазіргі жағдайда, керісінше, жақсы жаңалық бар: өңірдегі күрделі ахуалға байланысты бізге, әсіресе Таяу Шығыстағы университеттерден ауысушылар саны артып келеді. Олардың қатарында Қазақстан азаматтары да, өзге мемлекеттердің азаматтары да бар», – деді министр.

Ведомство дерегінше, өткен оқу жылында Қазақстанда 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алған. Биыл бұл көрсеткіштің едәуір өседі деп күтіліп отыр.

Министрдің айтуынша, елде ашылған шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарына қызығушылық ерекше жоғары.

«Қазірдің өзінде біздің аумақта ашылған Кардифф университеті мен Хериот-Уатт университетінің филиалдарына өте көп өтініш түсіп жатыр», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Оның сөзінше, өтініштер ағыны басқа өңірлерден ауысып келіп жатқан студенттер есебінен де қалыптасуда.

БОЛЖАМ ҚАНДАЙ

Жаңа қабылдау бойынша нақты мәліметтер өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін, мамыр айының соңында жарияланады. Соған қарамастан, билік алдағы үш жыл ішінде шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

«Алдағы үш жылда 100 мың студентке жетеміз деген межені орындай аламыз деп ойлаймын», – деді министр.

ЕЛДЕГІ ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕР САНЫ ҚАНША

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы 99 жоғары оқу орнында 88 елден келген 35 075 шетелдік студент білім алуда.

Олардың басым бөлігі ТМД елдерінен – 17 182 адам, сондай-ақ Азия елдерінен – 16 782 адам. Студенттер саны бойынша көш бастап тұрған ел – Үндістан (9959 студент). Сонымен қатар Түрікменстаннан – 9089, Қытайдан – 3367 студент келген.

Басқа елдер арасында Өзбекстаннан – 4136 студент, Ресейден – 2426, Моңғолиядан – 1712 және Пәкістаннан – 1004 студент білім алуда.

 

Back to top button