Air Astana-ның таза пайдасы 3,6 есе азайса да, топ-менеджмент сыйақысы 19% өскен
Air Astana әуе компаниясы 2025 жылы табысын арттырғанмен, таза пайдасы 3,6 есе қысқарған. Соған қарамастан, топ-менеджментке төленген сыйақы көлемі 5,78 млрд теңге болған. Бұл 2024 жылғы төлемдерден 19% көп, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ТАБЫС ҚАНДАЙ ТӨЛЕМДЕРМЕН ЕСЕПТЕЛЕДІ
Air Astana-ның 2025 жылға арналған шоғырландырылған қаржылық есебіне сәйкес, бұл сома жалақы мен бонустарды, акцияларға негізделген төлемдерді, әлеуметтік салықтар мен өзге де төлемдерді қамтиды. Атап айтқанда, жалақы мен бонустар 4,54 млрд теңге болса, акцияларға негізделген сыйақы көлемі 741 млн теңге болған.
Былтыр Air Astana-ның таза пайдасы 7,02 млрд теңгеге дейін түсіп кеткен. Өйткені 2024 жылы таза пайда 25,5 млрд теңге болған еді.
НЕГІЗГІ ШЫҒЫН НЕ
2025 жылы әуе компаниясы жолаушылар тасымалынан 721 млрд теңге тапқан. Бір жыл ішіндегі өсім – шамамен 23%. Жалпы табыс 758,9 млрд теңге болған. Ал операциялық шығындар 713 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Операциялық шығынның ең негізгі көзі – авиаотын. Жыл бойында компания тек авиаотынға 173,1 млрд теңге жұмсаған. Бұл 2024 жылдың көрсеткішінен 30 млрд теңге артық. Ұшақтар мен басқа активтердің тозуынан келген шығын 119,8 млрд теңге, жұмыс күшін ұстап тұру шығындары 136,1 млрд теңге, техникалық қызмет көрсету шығындары 76,1 млрд теңге, ал әуежай қызметтері мен навигация шығындары 73,6 млрд теңге болған.
Қаржылық есепте топ-менеджмент сыйақысының мөлшері ұзақ мерзімді көрсеткіштермен байланысты екені көрсетілген.
Бүгін компанияның директорлар кеңесі акционерлерге бір акцияға 9,92 теңге көлемінде дивиденд төлеуді ұсынғаны белгілі болды. 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есепте Air Astana-ның акцияларының саны 353,9 млн дана екені көрсетілген. Сонда директорлар кеңесінің бүгінгі ұсынысы қолдау тапса, акционерлерге төленетін жалпы дивиденд көлемі шамамен 3,5 млрд теңге болады леген сөз. Бұл топ-менеджментке төленген 5,78 млрд теңге сыйақымен салыстырғанда әлдеқайда төмен сома.