TOP-1Сараптама

Балалардың өз-өзіне қол салуы: оны қалай түсініп, дер кезінде көмектесуге болады

Балалардың өз-өзіне қол салуы (суицид) жайттары кейінгі кезде қоғамды көбірек алаңдата бастады. Мәселеге мамандар ата-аналардан бастап мемлекеттік институттар жіті қарауы керек деп есептейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанда 2025 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны 13,7%-ға өсті. 199 жасөспірім өз еркімен өмірден өтсе, оның ішінде 5 пен 14 жас аралығындағы 64 бала бар. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мәліметінше, 2023 жылы елде балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданған болатын. Тұрақты жарияланымдарға қарағанда, елде жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында белсенді жұмыстар басталып, өңірлерде психологиялық қолдау орталықтары ашылды.

Өкінішке қарай, бұл шаралар әзірге тек қысқа мерзімді нәтиже беріп отыр. 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы аяқталған суицидтер саны 14,2%-ға азайды. Бірақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша, қаңтар-желтоқсан аралығында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны 13,7%-ға өсіп, іс жүзінде 2023 жылғы деңгейге қайта оралды.

«Ештеңе байқамадық» – ересектер жиі айтатын сөз

Жақыныңызды қалай түсініп, дер кезінде қалай көмек көрсетуге болатыны туралы мамандар пікір білдірді. Мамандардың айтуынша, жасөспірім суицидке әрекет жасаған кезде жақындарының “Ештеңе байқамадық” немесе “Ойымызға да келмеді” деуі – жиі кездесетін жағдай.

Психоанализ бағытындағы психолог Назерке Көкебаева жасөспірімдер ересектер сияқты емес екендігін айтты.

«70%-дан астам жағдайда суицидке түрткі болған нақты бір жағдай болады: жанжал, сәтсіздік, әшкерелену қорқынышы немесе ұят деп қабылданған оқиға. Жасөспірімдер ересектерден өзгеше ойлайды. Суицид жасаған адам өзін-өзі сақтау инстинктін елемегендей болады. Бұл – негізгі инстинкт, оны жеңу – үлкен жұмбақ», – дейді ол.

Дін қызметкері ата-аналарға қалай көмектесе алады?

Суицидтен баласын жоғалтқан ата-аналар кейде мешітке барудан қорқады, бірақ жасөспірімдердің жағдайында суицид жасау – олардың саналы түрде өмірден кетуді таңдағандығын білдірмейді. Көп жағдайда жасөспірім ересек адамдар өзіне назар аударып, құтқарып қалғанын қалайды.

Нұрлан қажы Асанов

«Алла тағала адамға жан мен денсаулықты аманат етіп берді. Жан Алланың үкімімен ғана алынуы керек. Алла тағала өзіне құл жұмсаған пендесі туралы «Бұл құлым менімен жарысты, маған бір нәрсені дәлелдегісі келді» деп ескертеді. «Менің жолым болмай қалды», «Қарыз болып қалдым», «ҰБТ-дан төмен балл алып қалдым», «Мен ұятқа қалдым» деп өз-өзіңе қол жұмсау дұрыс емес. Біріншіден, мұндай жағдайда басыңызға түскен азап өлген кезде азаймайды, екіншіден туған-туыстарыңыз «Бұлардың қанында өз-өзіне қол жұмсау бар» деп есептейді. Бұл күнәдан шама келгенше алыс болуымыз керек» дейді «Ырыскелді қажы» мешітінің Бас имамы Нұрлан қажы Асанов.

Суицидтік белгілерді қалай тануға болады

Өзін-өзі өлтіруге ниеті бар бала көп жағдайда алдын ала белгілер береді. Оларды тану – өмірді сақтап қалудың ең маңызды қадамы. Бұл белгілер айқын немесе өте жасырын болуы мүмкін.

«Жасөспірімдер кейде агрессивті немесе демонстративті әрекет етеді. Сондықтан олардың шынымен қауіпте екенін немесе жай ғана назар аудартқысы келетінін ажырату қиын. Кейбір балалар өз құндылығын шарттарға байланысты деп қабылдайды: жақсы оқыса ғана, тәртіпті болса ғана бағалы. Ал ондай болмаса – өзін қажетсіз сезінеді. Балалармен бәрі туралы сөйлесу керек, тіпті қорқынышты тақырыптар туралы да. Баламен ашық сөйлесу – өте маңызды», – дейді психолог Назерке Көкебаева.

Психологтың айтуынша, суицид туралы ойлап жүрген немесе одан аман қалған баланы жалғыз қалдыруға болмайды.

Психолог Назерке Көкебаева

«Қазіргі өмір ырғағы бізге өз талаптарын, өз заңдылықтарын қояды, біз соған бейімделуге мәжбүрміз. Біз, ересектер, күнделікті мәселелерімізді шешіп, өмірдің күрделі жауапкершіліктерін көтеріп жүреміз. Жұмысымызды, қаржылық тұрақтылығымызды жоғалтып алудан қорқамыз, өйткені өмір сапамыз соған байланысты. Барлығына үлгеруге тырысамыз…

Көпшілігіміздің отбасымыз бар, жасөспірім балаларымыз бар. Біз олардың бақытты болғанын қатты қалаймыз. Бірақ көбінесе өз мәселелеріне батып кеткен ересектер ретінде, біз шын мәнінде не үшін «тынымсыз жүгіріп жүргенімізді» ұмытып кетеміз. Үйге шаршап келіп, балаларымызға жиі былай дейміз:
«Мен қатты шаршадым, күні бойы тыным таппай жұмыс істедім, ал сен болсаң…» – әрі қарай әркім өз сөзін жалғастырады.

Әрине, біз шаршаймыз, демалуға құқылымыз, бірақ күн сайын, біртіндеп өз балаларымызды өзімізден алыстатып бара жатқанымызды байқамай қаламыз. Біз олардың мәселелерін елемейміз, олардың маңыздылығын түсінбейміз. Айтатын сөзіміз: «Қойшы, уайымдама! Бұл түк емес!», «Жай ғана жігітіңмен ұрысып қалдың ғой, татуласып кетесіңдер!», «Әлі талай қыз болады, балам, уайымдама!», «Осы да мәселе ме? Міне, нағыз мәселе менде…!» Бұл – таныс жағдай ма?

Осылайша балаларымыз біздің осындай реакциямызға үйреніп кетеді. Олар өздерін маңызды емес сезінеді, олардың сөзін ешкім шындап қабылдамайтынын түсінеді. «Сонда ата-анамен бөлісудің қажеті бар ма?» деген сұраққа бір күні өздері «Жоқ» деп жауап береді. Ал біз, ересектер, көбіне бұған мән де бермейміз. “Қарны тоқ, киімі бүтін, бәрі бар – тағы не керек?» деп ойлаймыз», – дейді психолог.

Ал шын мәнінде, балаларға тек материалдық дүниелер жеткіліксіз. Оларға біздің жылуымыз керек! Оларға ата-ана керек. Оларға ата-анасымен сезімдерін бөлісу маңызды, кеңес сұрау, сырын ашу маңызды. Кейде оларға анасының немесе әкесінің иығына басын қойып жылап алу, қолдау сөздерін есту, махаббатты сезіну өте қажет.

Back to top button