Қоғам

Ақын Танакөз Толқынқызының үстінен арыз түсті

Ақын Танакөз Толқынқызы жақында жариялап, қоғамда қызу талқыланған жазбасы үшін біреу үстінен арыз түсіргенін желіде жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Танакөз Толқынқызы өзіне Астана қалалық Сарайшық ауданы полициясынан хабарласқанын жазады. Сөзінше, үстінен 7 наурыз күні фейсбук парақшасында жарияланған «Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қала алмайды» деген посты үшін егов арқылы бір адамнан шағым түскен.

“Мені 31 наурыз күні таңғы сағат онда Сарайшық ауданы полиция бөлімшесіне келуімді сұрады. Мен полицияға адвокатсыз бара алмаймын. Оны өздеріңіз де іштеріңізден біліп, түсініп отырсыздар. Адвокаттың шығындарын көтеру – өз алдына үлкен мәселе болып тұр. Себебі мен 2022 жылдан бері телеарналарда жұмыс істемеймін. Ип-ны табыс көзі болмағандықтан 3 жыл мерзімге уақытша ресми түрде тоқтатқанмын. Жалпы мен халықтан ақша жинауға қарсы адаммын. Өйткені халықтың жағдайы дәл өзімдікі сияқты қиын жағдайды екенін білемін. Кредит төлеп, қалт-құлт етіп өмір сүріп жатқан елден ақша жинау адамдардың жүйкесіне тиеді.

Сондықтан ойлана келе адвокаттың шығындары мен еңбекақысын төлеуге өзімнің кітаптарымды сатуға шығармақпын. Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ! Бұл – дала заңы”, – дейді ақын.

Қазақстан ешкім өз ойын айта алмайтын үлкен түрмеге айналмауы керек деп есептейді ол. Оқырманнан ол өз кітабын сатып алып, қаржылай демеу беруді өтінеді. Кітап бағасы 8000 теңге. “Бірақ әркімнің жағдайы әр түрлі. Біреу 100 теңге, біреу 200 теңге бере алуы мүмкін. Өзіңіз бере алған ақшаға кітабымды қолтаңбамен беремін” дейді ол.

АҚЫННЫҢ ӨТКІР ЖАЗБАСЫ

Ақын Facebook парақшасында жақында жазба жариялап, “Қазақ тәуелсіздігін сақтап қала алмайды” деген пікір айтқан. Оның сөзінше, халықтың сапасы төмендеп, принципсіз, надан ұлт қалыптасқан.

“Принципі жоқ надан ұлт қалыптасты. Жағымпаз, өтірікші, екіжүзді, сатқын, намыссыз, фейк, псевдо ұлт. Өз тілінде сөйлемейді. Құлдық сана етінен өтіп сүйегіне жеткен. Ешкімге ештеңе керек емес. Ешкім ешкімге араша түспейді”, – деп жазды ол.

Ол бүгінде елде тасбауыр, бір-біріне қайырымсыз қоғам қалыптасқанын алға тартты. Олар өзін-өзі тонап, өз тамырынан ажыраған тобырға ұқсайды.

“Қорқақ, можантопай, дарақы, мақтаншақ. Критикалық ойлау санасы қалыптаспаған. Бейғам. Жайбарақат. Басына кім көрінген аяғын сүртіп кете береді. Әлсіз, қауқарсыз, дәрменсіз. Халық емес құл-құтандар легі ме дерсің. Бір-біріне қайырымсыз. Тасбауыр. Бір-бірін иттің етінен жек көреді. Өзін-өзі тонаған, өзін-өзі тоздырған, өз тамырынан ажыраған тобыр. Ұры ұлт. Бұл қасиет – қазіргі біздің басты қасиетіміз”, – деп жазды ол.

Ақынның сөзінше, қазақта құндылық жоқ. Салдарынан кез келгені қай жерден нені жымқырып, жеп қалсақ екен деп ойлап тұрады.

“Жеу үшін жаратылғанбыз. Қай жерден нені жымқырып жеп қалсақ екен деп ойлап тұрамыз. Құндылық жоқ. Ар құдай болған заман келмеске кетті. Қарны тойса болды, бәрін сатады. Адам емес құлқын ғана көремін”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ Танакөз Толқынқызы елдегі тіл мәселесіне де тоқталды. Ол принципі жоқ ұлттың жерін де, тілін де, туын да, тәуелсіздігін де ақшаға сату оңай екенін айтқан. Ақынның осы жазбасы қоғамның пікірін екіге жарып, қызу талқыланған еді.

Back to top button