TOP-2Эксклюзив

«Тергеуде өз ойымды айттым»: Жанабыловтар сотында блогер Жолшыбеков қалай жауап берді

Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың соты жалғасып жатыр. Бүгінгі сот процесінде куәгер ретінде блогер Дархан Жолшыбеков жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Дархан Жолшыбеков Жанабыловтарды алты-жеті жылдан бері білетінін айтты, “қатты араласпасақ та достармыз” деді.

Адвокат блогерден сізді әкімшілік жауапкершілікке қай орган тартты деген сұраққа Жолшыбеков 2025 жылдың басында Туризм және спорт министрлігі деп жауап берді. Өзінің көпшілікке сатқан курстары туралы блогер былай деді:

«Мені бірден жауапқа тартқан жоқ. Әкімшілік жазаға тартылғаннан кейін біз апелляцияға бердік. Ұзағырақ уақытты алды. Мені экономикалық тергеу қызметі де шақырды. Бірақ Жанабыловтар ісі бойынша шақырылдым».

Десе де қорғаушы тараптың адвокаты ойнатылған ойындар бойынша экономикалық тергеу қызметі Дархан Жолшыбековті шақырғанын тергеуге берген жауабында (ол кезде Жолшыбеков мен де шақырылдым деген) айтқанын есіне салды. Жолшыбеков «ол тұста көптеген органдар шақырғанын, нақты кімдер шақырғаны есінде жоқ» екенін айтты. Тергеуде берген жауаптарының кейбірін блогер есіне түсіре алмады.

«2025 жылдың 29 наурызында сіз бен Жанабыловтың арасында бір жанжал болды. Сіз оны тіпті әлеуметтік желідегі парақшаңызда жаздыңыз. Соны еске түсіріңізші. Жанжал болды ма?» деп сұрады адвокат блогерден.

Жолшыбеков «иә, болды, сөз қағыстық» деді. «Сіз Жанабыловқа лоторея үшін жауапқа тартылғаныңызды айтқансыз, ол әңгіме қашан болды?» деп сұрады адвокат. Жолшыбеков ол жайлы қай күні әңгімелескенін нақты есіне түсіре алмады.

Тергеу барысында Жолшыбековке тергеуші Әшірова «сізге лицензиясыз лоторея өткізуге болмайтынын Жанабыловтар білді ме?» деп сұрақ қойған. Жолшыбеков «меніңше, білген» деп жауап берген. Адвокат сотта «сіз нақты білдіңіз бе?» деп қайтара сұрақ қойды. «Білдім» деген жауабын Жолшыбеков «бұл мен ол кезде субъективті өз ойымды айттым» деп түсіндірді.

БЛОГЕРЛЕР СОТЫ

2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік істі қараған. Сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатып, жаңа қаулы шығарды. Істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, экономикалық тергеу департаментіне жолданды.

Қаржы мониторингі агенттігі ақпаратына сүйенсек, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты өзіне тіркелгендердің сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.

Іс материалдарына сәйкес, Ерболат Жанабыловтың 2024 жылғы Lamborghini Urus автокөлігінің құны – 237 млн теңге. Ал Эльмира Төлегенованың Lexus LX 600 көлігі 78 млн теңге тұрады.

Ал қылмыстық істегі жалпы шығын 247 млн теңгені құрайды.

Back to top button