Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлық – Қазақстандағы маңызды әлеуметтік және психологиялық мәселелердің бірі. Соңғы жылдары мамандар бұл мәселенің алдын алу үшін кешенді шараларды күшейту және балаларға, жасөспірімдерге, сондай-ақ олардың отбасыларына психологиялық көмек көрсету жүйесін дамыту қажеттігін жиі атап өтуде. Психоаналитик Анна Құдиярова Tizgin.kz порталына балалар мен жасөспірімдердің суицид жасау себептерін және оның алдын алу жолдарын айтты.
Суицидтің алдын алу жолы – психотерапия
Психоаналитик Анна Құдиярованың айтуынша, суицид кенеттен пайда болмайды. Көп жағдайда суицид жасалмас бұрын балада ұзақ уақытқа созылған психологиялық қиындықтар, эмоционалдық оқшаулану және уақытылы қолдаудың болмауы байқалады.
– Ата- анасымен қарым-қатынасы жақсы бала ешқашан өз-өзіне қол жұмсамайды. Жұма күні Сіздің тісіңіз ауырса және барлық тіс емханасы дүйсенбіге дейін жабық болса – 2-3 күн шыдап жүру қаншалықты қиын екенін елестете аласыз ба? Ал жан ауруы дененің дертке ұшырауына қарағанда 100 есе ауыр деп айтуға болады. “Тығырықтан шығу жолы тек қана суицид” деп ойлайтын балаға психологиялық сауат жетпейді деген сөз. Қазір ауылдың өзінде психолог бар, әр мектепте кемі 1-2 психолог бар. Осындай тығырыққа тірелген сәтте міндетті түрде маманға жүгіну керек.
Психоаналитиктің айтуынша, суицидке дейін бірнеше саты бар.
– Бастапқыда суицид туралы ой пайда болады. Бала “Бұлай қиындыққа шыдап жүре бергенше – өле салғаным артық” деп ойлайды. Мен мектептегі бір сыныпқа өткізген кездесудегі тәжірибеммен бөлісейін. Сыныптағы оқушыларға “Суицид туралы ой болған кез болды ма?” дегенде сыныптағы оқушының 95%-ы “Иә” деп жауап берді. Бұл – шынайы пікір. Бойында жаны бар кез келген адамда өмірінде бір рет болса да “Бәрінен шаршадым, өле салайын ба?” деген ой келеді. Ойдан кейін ниет пайда болады. Бала “Терезеден секіріп кетсем бе екен?”, “Дәрі ішсем бе, әлде арқан керек пе?” деп суицид жасау жолдарын іздей бастайды. Осы жолдарды іздеп жүрген баланың әрекеттерінде қандайда бір белгілер болады. Мысалы, бала өлімге қатысты фильмдерді көре бастайды. Ол саналы түрде суицид жасағысы келгенмен, бейсаналы түрде әлдекім өзін тоқтатқанын, бір адам болсын өзін түсінгенін қалайды. Өкінішке қарай, баланың жанында жүрген ересек адамдар да психологиялық тұрғыда сауатты емес, сондықтан баланың суицид туралы беріп жатқан белгілеріне назар аудармайды, сөйтіп баладан айырылып қалады. Көп жағдайда жасөспірім шынымен өмірмен қош айтысам деп ойламайды. Оның мақсаты — ата-анасын қорқыту арқылы қалағанын алдырып алу, назарды өзіне аударту, бірақ биіктікте аяғы тайып кетуі мүмкін екенін, ішкен дәрісі расымен өміріне қауіп төндіретіні туралы ойламайды.
Көптен бері хабарласпай кеткен досыңыз болса – хабарласыңыз.
– Егер досыңыз 2-3 ай тұйықталып, хабарласпай кетсе – оған өзіңіз хабарласып, қалын сұраңыз. “Ол хабарласпай кетті” деп Сіз оған ренжіп жүрген кезде ол іштей өмір мен өлім арасында күресіп жүрген болуы мүмкін. Ол үйінен шыққысы келмесе — күйзелістің белгісі. Күйзелген бала ешқайда шыққысы келмейді. Оқушының киімінің түсіне де мән беріңіз. Күйзеліске дейін ол қызыл, жасыл, сары түсті ашық-жарқын киім кисе, күйзеліс кезінде қара, сұр киімді киеді.
Анна Құдиярова ата-анасынан махаббат алмаған, үнемі қорланып өскен бала ересек өмірінде аутоагрессияға бейім болатынын айтты.
– Аутоагрессия – өз-өзіңе зиян келтіру, өзіңе бағытталған қастандық. Менталды тұрғыда өз-өзін кінәлі сезіну тұрғысынан көрініс тапса, физикалық тұрғыда өзіңе зиян келтіру: суицид, анорексия, денені тіліп тастау түрінде көрініс табады. “Аутоагрессия” латын тілінен аударғанда “өз-өзіңе шабуыл жасау” деген мағынаны білдіреді. Аутоагрессияның ең қауіпті формасы: суицид, нашақорлық және маскүнемдік. Бала кезде қорлық көріп өскен адамның өз ағзасында дефомин, яғни бақыт, қуаныш гормоны аз бөлінеді, сол себепті ол оны сырттан: ішімдіктен, есірткіден іздейді. Балаға шамасынан тыс жоғары талап қоюға, жиі кінәлап, жұрттың баласымен салыстырып, жаза ретінде сөйлеспей қоюға болмайды. Жаны қатты ауырып, күйзеліске түскен және өзін дәрменсіз сезінген бала аутоагрессияға ұшырайды. Аутоагрессияның ең соңғы деңгейі – суицид.
Жасөспірім суицид жасау арқылы өзін емес, өз ішіндегі ата-анасын өлтіреді
Психоаналитиктің айтуынша, жасөспірімдер суицидті демонстративті түрде қолданады, яғни мақсат — өмірден өту емес, ата-анасының назарын өзіне аударып, жан айқайын жеткізу.
– Суицид жасайтын бала, жоғарыда айтып өткенімдей, бұл туралы ашық не астарлы түрде, әзіл түрінде болсын айтады. Ондай баланың миында қандайда бір тығырықтан шығудың бірнеше жолы болмайды, тек бір жол бар, ол — өзіне қол салу. Суицид жасайтын бала еңсесі түскен күйде жүргенмен, аяқ асты эмоциялық түрде көңілі көтеріліп қалатын кезеңге келеді. Демек, ойша өмірден қалай озатынын жоспарлап қояды, одан кейін “жақында қиналуымның нүктесі қойылады, өмірмен қоштасуыма, қиналуымның аяқталуына аз қалды” деген оймен жүріп, көңілі көтеріледі. Жақыныңыздың бойынан осындай күй байқасаңыз — назар аударып, сөйлесіңіз.
Тағы бір мысал, өзін жазалаушы, менсінбеуші, кемсітуші ата-анамен күресу балаға қиын, сол себепті бала сол ата-ананы символикалық тұрғыда өз ішіне кіргізіп алып, үнемі іштей дау-дамайда жүреді. Күндердің бір күнінде сол іштегі ата-ананы “өлтіру” үшін суицид жасайды. Ол өзі ғана өмірден өтпей, ата-анасын солай жазалап кетеді. Баласы өмірден озған ата-ана бір-бірін кінәлап, өмірден озғанша өмірден озып кеткен баласын ойлап, “тірі өлікке” айналады. Осындай жағдайға тап болмас үшін әр ата-ана баласының қалауына құлақ түріп, ақылдасып, жиі әңгімелесіп, сезімдерін сұрап, рухани байланыста болып отыруы керек.