TOP-1Эксклюзив

Әр туындымда қазақтың рухы бар – суретші

Қазақ халқының рухани құндылықтары тек сөз бен дәстүр арқылы ғана емес, өнер арқылы да ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Соның ішінде кескіндеме өнері бүгінгі күні жаңа формаларға ие болып, ұлттық кодты сақтай отырып дамуда. Қазақ өнерін әлемге танытып жүрген Әсем Сүлейменова салған картиналардың әр бояуында, әрбір штрихында – даланың үні, ата-баба рухының жаңғырығы және өзін-өзі іздеу бар. Tizgin.kz порталы суретшімен сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

Халықаралық байқаулардың жеңімпазы

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген Әсем бала кезінен сурет салуға қызығып, Гумаров атындағы өнер мектебінде білім алған. Мектеп бітірген соң Астанадағы “Шабыт” өнер университетінде монументалды кескіндеме бойынша білімін жалғастырған.

Ол халықаралық өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтқанда, 2023 жылы ол Golden Time Talent байқауында бірінші орын алса, 2024 жылы Лондонда өткен Golden Time Talent байқауында бас жүлде алған. 2025 жылы Испанияда өткен суретшілер байқауда бірінші орын алған.

“Қазақ аруы” – Лондонда өткен байқауда бас жүлде алған картина

Әсем халықаралық байқауларда ұлттық нақыштағы сурет салу арқылы жүлделі орындарға ие болса да, әлі өзінің стилін таппағанын, ізденіс үстінде екенін айтты.

“Халықаралық байқаулардан орын алу жеке өміріме айтарлықтай әсер еткен жоқ. Дегенмен оқығаным-тоқығаным, еңбектенгенім, ұйқысыз өткен түндерім – бәрі бекер емес екендігін ойлап, көзіме жас алатын кез болады. Әртүрлі сұхбатқа, телешоуларға көп шақырады. Бұл – өзіңе деген сенім жоғалған кезде шабыт береді”, – дейді суретші Әсем Сүлейменова.

“Өз туындыларымды әлеуметтік желі арқылы насихаттаймын”

Оның айтуынша, өнер жолында әртүрлі қиындық болады.

“Тапсырыссыз отырған күндерім болды, байқаудан орын алмаған кездерім де, байқауға қатысатын картинам жол бойында сынып қалған кездер де болды”, – дейді ол.

Ол қолөнер мен көркем сурет өнерін елімізде барынша дамыту керектігін айтты. Әшекей бұйымдар мен алтын-күміс сыйлағанға қарағанда сурет сыйлау адамды ерекше қуанышқа бөлейді. Сурет – мәңгілік өмір сүретін, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, мән-мағынаға ие болып қалатын дүние.

“Бұл өнер түрі Қазақстанда енді-енді бағаланып келе жатыр. Мен осы өнер түрінің дамуына үлес қосып, алдағы уақытта көрме ұйымдастырғым келеді. Мақсат бар және нық қадам жасап келемін. Әзірге әлеуметтік желілерде жұмыстарыммен бөлісіп жүрмін. Қазіргі уақытта өз туындыңды насихаттай алатын ең мықты құрал – әлеуметтік желі”, – дейді Әсем Сүлейменова.

Әсем үшін сурет салу – хобби емес, жұмыс.

“Кейде сурет салу процесіне кіріп кеткенім сондай – уақыт қалай өтіп кеткенін білмей қаламын, тіпті ас ішуді ұмытып кететін кез болады. Кей суретті аяқтауға бір жыл уақытым кетсе, кейде бастаған туындымды аяқтамай, лақтыра салатын жағдай болады. Ең бастысы – шабыт келгенде кейінге қалдырмай, бастаған жұмысыңды аяқтағанша тоқтамау керек. Маған табиғат асында серуендеу, оңаша болу шабыт сыйлайды, сонымен қатар тапсырыс берушілер туындымды суретке түсіріп, оқырмандарымен бөліскен кезде шабытым оянады”, – дейді суретші.

Мен адамдарды сұлулықты көре білуге баулығым келеді

Қазақ өнері ежелден символикалық мәнге ие. Кілемдердегі, киімдердегі, тұрмыстық заттардағы ою-өрнектер жай әшекей емес, терең мағынаны білдіретін белгілер. Әсем осы дәстүрді жаңа қырынан жалғастырып келеді.

“Кескіндеме өнері көрерменге көруді ғана емес, сезінуді, тереңде жатқан, ұмыт бола бастаған тиесілілік сезімін қайта оятуға мүмкіндік береді. Мен салған суреттерден ою, ару және жылқы бейнесін жиі көре аласыз. Сондай-ақ, қызыл түсті жиі қолданамын”, – дейді ол.

Суретші туындылары көрерменнің, оқырмандарының көңілінен шықса – қуанатынын айтты.

“Сәукеле”. 850 000 теңгеге бағаланып, сатылып алынған картина

“Ең қымбат сатып алынған картинам “Сәукеле” деп аталады, құны 850 000 теңге болды. Еңбегің бағаланса – қуаныш. Мен суреттерімді адамдарды әдемілікке, әсемдікке, сұлулықты көре білуге, сезіне білуге баулығым келеді”, – дейді Әсем Сүлейменова.

Back to top button