Шайдоров бапкерін ауыстыра ма
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсем Қасанова Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушысы Алексей Урманов арасындағы әріптестіктің үзілуі мүмкін дегенге пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
БАПКЕР НЕ ДЕЙДІ
Sport Talks подкастында сөз алған Қасанова қазір олардың жолы екіге айырылды деп кесіп айтуға ерте екенін атап өтті.
«Қазір Мишаға ең алдымен демалыс қажет. Ол бір жылдан астам уақыт қарбалас кестемен жұмыс істеді. Қатарынан онға жуық жарысқа қатысты. Мұндай жүктеме кез келген адамды қажытады. Сондықтан аздап тынығу керек», – деді бас бапкер.
Қасанованың сөзінше, ірі жеңістерден соң спортшыға ел назары ерекше ауып, қоғамда жиі талқылана бастады. Ал мұндай қысымға ол әлі толық бейімделіп үлгермеген көрінеді.
“ӨЗДЕРІ ШЕШЕДІ”
Сонымен қатар бапкер алдағы шешім тек спортшы мен оның жеке жаттықтырушысына байланысты болатынын жасырмады.
«Ол бапкерін ауыстыра ма, әлде жоқ па, Алексей Евгеньевич жұмысты жалғастырғысы келе ме – бәрін өздері шешеді. Қалай боларын нақты айта алмаймын», – деді Қасанова.
Бұдан бөлек, бас бапкер жас спортшылардың ата-аналарына да үн қатып, мамандарға сенім артудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жаттығу процесіне тым жиі араласу спортшының дамуына кері әсер етуі мүмкін.