«Жайбарақат отыруға болмайды»: Алагөзова діни насихатқа заңмен тосқауыл қоюды ұсынды
Белгілі продюсер Баян Алагөзова “Наурыз – қазақтың мейрамы емес” деп ұсталған адамның ісі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Алагөзова елдегі діни радикалды топтардың күшеюі ұлттың мәдени кодына және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін айтады. Сөзінше, аталған тақырып өзін қатты ашуландырған. Желіде ондайларды көп көретінін айтады
«Құзырлы органдарға ҰҚК-ге, прокуратураға жүгінгім келеді. Сіздер елде не болып жатқанынан хабардарсыздар. Ерте ме, кеш пе, бұл тоқтатылуы тиіс. Бұл бүтін бір ұлтқа төнген үлкен қауіп», – деп атап өтті Алагөзова.
Продюсердің пікірінше, радикалды ағымдардың әлеуметтік желідегі белсенді үгіті қазақ халқының төл мәдениеті мен ана тіліне нұқсан келтіріп отыр.
«Күндіз-түні желілерде вахаабистер еркін насихат жүргізеді. Олар бізді тілімізден, дәстүрімізден, төл мерекемізден айырмаққа бекінді. Бұлай жалғаса берсе, ертең бәріміз арабша сөйлейтін күн туады. Олардың қатары күн санап артып, агрессиясы күшейіп келеді», – дейді ол.
Осыған байланысты Алагөзова билікті нақты әрі батыл қадамдарға баруға үндеп, Ата заң деңгейінде елдің зайырлы сипатын қорғауды және діни пропагандаға қатаң тыйым салуды ұсынды.
«Біз зайырлы мемлекет екенімізді Конституциямен бекітіп, кез келген діни насихат пен радикалдық пропагандаға заңмен тосқауыл қоюымыз керек. Бұл мәселеде енді жайбарақат отыруға болмайды», – деп түйіндеді продюсер.
Полиция әлеуметтік желіде «Наурыз қазақтың мейрамы емес» деп сөз таратқан жігіттің үстінен діни араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын кеше хабарлаған едік.
Порталымызға келген ІІМ жауабында жазылғандай, 23 наурызда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониториң барысында «TikTok» платформасында Наурыз мерекесіне қатысты діни және этномәдени сипаттағы жария айтылған пікірлері бар бейнематериал анықталған. Ізінше 1991 жылғы азамат ұсталған.