Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов KTZ Air Cargo-ның 50%-дан астам үлесін сатып алып жатыр. Осылайша түбі ресейлік финтех және қаржы магнаты Қазақстанның жүк авиациясы секторында да белді ойыншыға айналмақ, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тимур Турловтың бизнес империясына кіретін Turlov Private Holding Ltd кәсіпорны KTZ Air Cargo-ның 50 пайыздан астам үлесіне ие болатыны қаржылық есептілік депозтариіндегі ресми құжатта айтылған.
12 наурызда қабылданған акционер шешімі бойынша, қазіргі акционер «KTZ Express» акицонерлік қоғамы KTZ Air Cargo шығарған қосымша эмиссияны бірінші болып сатып алу құқығынан бас тартпақ және жаңа инвестормен жазылу шарты жасалмақ.
Қарапайымдап айтсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның әуеде жүк тасымалдау әлеуетін тиімді дамыту үшін құрылған KTZ Air Cargo компаниясы 104 жаңа жай акция шығарады. Заң бойынша компанияға 100 пайыз иелік етіп келген KTZ Express-те жаңа акцияларды бірінші болып сатып алу құқығы бар. Бірақ акицонер бұл құқықтан ресми түрде бас тарту туралы шешім қабылдаған. Осылайша жаңадан шығарылатын 104 акция сыртқы инвестор Turlov Private Holding Ltd.-ге ұсынылатын болған.
Ашық деректерге сүйенсек, қазір «KTZ Express» акционерлік қоғамы KTZ Air Cargo-ның 100 акциясына түгел иелік еткен. Қосымша шығарылған 104 акция шығарылған соң, жалпы саны 204-ке жетеді. Сонда Тимур Турловтың компаниясы 104 акцияны сатып алу арқылы жүк тасымалдайтын әуе компаниясының 50 пайыздан астамына (50,98%) иелік етеді деген сөз. Қалған 100 акция KTZ Express-тің иелігінде қала береді.
Басқаша айтсақ, KTZ Express өз үлесін ешкімге сатқан жоқ. Ал қосымша шығарылған жаңа акциялар сыртқы инвесторға ұсынылғандықтан оның үлесі автоматты түрде азаяды. Тимур Турловтың бизнес империясына кіретін компания бұл кәсіпорынға ақша құйып, жаңа акционерге айналады. Сондықтан бұл процесс үлесті сатып алу емес, капиталға кіру ретінде сипатталады.
Қаржылық есептілік депозитариіндегі құжатта мәміле «ірі мәміле» деп белгіленген. Себебі Turlov Private Holding Ltd. KTZ Air Cargo-ның капитал құрылымын өзгертіп жіберетін деңгейдегі қадам жасап отыр. Бұл – мемлекеттің логистикалық активіне жеке капиталдың нақты кіріп жатқанын білдіретін факт.
Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен соңғы отырысында Үкімет елдің әуемен жүк тасымалдау әлеуетін тиімді дамыту туралы тапсырмасын дұрыс орындамай жатқанын сынаған болатын.
«Еліміздің аумағында оннан астам халықаралық көлік дәлізі бар. Жаһандық логистика картасынан лайықты орнымызды иелену үшін жүйелі жұмыс және айқын іс-қимыл стратегиясы керек. Үкіметке авиация саласында, соның ішінде әуемен жүк тасымалдау ісінде нақты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Меніңше, еліміздің әлі күнге дейін Еуразияның әуемен жүк тасымалдайтын орталығы бола алмай отырғаны – кешірілмейтін қателік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд. Үкімет жүк тасымалдайтын мемлекеттік әуе компаниясын құру барысында қате шешім қабылдады. Неге екені белгісіз, бұл міндетті «Қазақстан темір жолы» компаниясына жүктеді. Егер Үкімет тапсырманы орындауға қауқарсыз болса, бұл жұмысты жеке құрылымдарға өткізіп беріңіздер», – деді Тоқаев.
Түйіндесек, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «кешірілмейтін қателік» деп бағалап, «нағыз абсурд» ретінде сипаттаған мәселені Үкімет Тимур Турловтың капиталы арқылы шешуді жөн деп тапса керек.