TOP-1Эксклюзив

«Қазатомөнеркәсіп» байытылған уран сегментінен айырылды

«Қазатомөнеркәсіп» 2025 жылдың шоғырландырылған қаржылық есебін жариялады. Сондағы мәліметтерге қарағанда компанияның жалпы табысы былтырғы деңгейін сақтап қалғанмен, маржасы жоғары байытылған уран сегменті жойылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2025 жылы компанияның түсімі 1 трлн 803 млрд теңге болған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн 813 млрд теңге болған еді.

Ал таза пайда динамикасы былтырғыдан айтарлықтай төмен. 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,132 трлн теңге болса, 2025 жылы 806,7 млрд теңге деңгейінде қалып қойған. Басқаша айтсақ, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен 325 млрд теңге аз. Бірақ бұл айырмашылықты компания табысының іс жүзінде кемуі деуге келмейді.

Құжаттың мәліметтерін 2024 жылдың есебімен салыстырсақ, жалпы табыс көлемі сақталғанмен оны қамтамасыз ететін өнімдер құрылымы өзгергенін байқауға болады. Ресеймен бірлесіп басқаратын «Буденов» кәсіпорнының жарғысы мен өнім бөлісу келісіміне өзгеріс енгізілген болатын. Соның арқасында «Қазатомөнеркәсіп» уран өндіру көлемін серіктестің келісімінсіз-ақ белгілеу құқығына ие болған. «Буденов» бірлескен кәсіпорнының меншігінде 114 мың тонна көлемінде уран бар деп бағаланған. Осылайша «Қазатомөнеркәсіптің» табысы автоматты түрде 295,7 млрд теңгеге артқан. Яғни 2024 жылғы табыс есептік қайта бағалау әсерінен өскен. Оны есепке алмасақ, 2024 жылдың таза операциялық пайдасы шамамен 836 млрд теңге деңгейінде болады. Демек, 2025 жылғы нәтижеден 30 млрд теңгедей ғана артық.

2024 жылы компания байытылған уран өнімдерін сатудан 248,8 млрд теңге табыс тапқан еді. 2025 жылы бұл сегмент толық жоғалып, компания 248,8 млрд теңгелік табыс көзінен айырылған. Нақтырақ айтсақ, «Үлбі жылу бөлетін құрастырмалар» ЖШС байытылған уран сату жөнінде ешбір келісімшарт жасамаған. Бұл өзгерістің себептері қаржылық есепте нақты түсіндірілмеген.

– «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС-да 2025 жылы іске асыратын келісімшарт болған жоқ. Осындай келісімшарт арқылы Топ байытылған уран сататын, – деп жазылған құжатта.

2025 жылғы түсімнің негізгі бөлігі бұрынғыдай табиғи уран сатудан қалыптасқан (1 трлн 637 млрд теңге). Яғни компания жоғары өңделген өнімнен гөрі шикізатқа көбірек сүйенетін жүйеге оралған.

2025 жылы ұлттық атом компаниясына тиесілі активтер көлемі 4 трлн 27 млрд теңгеге жеткен (2024 жылы – 3 трлн 821 млрд теңге). Бұл инвестициялық белсенділіктің сақталғанын білдіреді.

Ал міндеттемелер 785 млрд теңге деңгейінде қалған, құрылымдық тұрғыдан айтарлықтай қауіп байқалмайды.

Компания сатқан өнімнің негізгі бөлігі Қытайға тиесілі (≈797 млрд теңге). Одан кейін Ресей, АҚШ және Канада тұр. Есепте сатылған өнімнің 40 пайызы бір негізгі тұтынушыға тиесілі екені айтылған. Бұл кәсіпорынның экспорты ат төбеліндей ойыншыларға тәуелді екенін көрсетеді.

Түйіндесек, бұл құжат компанияның қаржылық жағдайы сырттан қарағанда тұрақты көрінгенімен, ішкі құрылымда өзгеріс бар екенін көрсетеді. Пайда деңгейі негізінен сақталған. Бірақ қосылған құны жоғары өнім (байытылған уран) сегменті жоғалып, өңделмеген уран экспортына тәуелділік күшейген. Бұл компанияның табысы қысқа мерзімде тұрақты болғанмен, ұзақ мерзімде маржасы жоғары сегменттен айырылып, шикізат моделіне қайта оралу тәуекелі артты деген сөз.

Back to top button