TOP-2Жаңалықтар

Тоқаев Ресей премьер-министрі Мишустинді қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинді қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақорда-ға сілтеме жасап.

ТАРАПТАР НЕНІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастардың жүйелі түрде нығайып келе жатқанын атап өтті. Өзара тиімді диалог сақталып, қол жеткізілген келісімдердің тиімді жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Мемлекет басшысы Мишустиннің Шымкентте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы мен Цифрлық форумға қатысуын қазақ-ресей қатынастарының ерекше сипатын байқататынын атап өтті.

Тоқаевтың айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық тұрақты дамып келеді. Қазір жалпы құны шамамен 25 млрд долларды құрайтын 122 ірі жоба жүзеге асырылған. Ал өзара тауар айналымы 30 млрд долларға жақындап отыр. Президент Ресейдің Қазақстан үшін негізгі сауда-экономикалық әрі инвестициялық серіктес екенін атап өтті.

ҚАЗАҚСТАНҒА ПУТИН КЕЛЕДІ

Кездесуде негізгі назар Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне аударылды. Ақорда мәліметінше, Астана бұл сапарды стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеретін аса маңызды оқиға ретінде қарастырып отыр.

Өз кезегінде Михаил Мишустин Қазақстан басшылығына қазақ жеріне жұмыс сапарымен келген меймандарды жылы шыраймен қарсы алатыны үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ ол Тоқаевты жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен жәнЕ жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Оның айтуынша, референдум ел азаматтарының тиімді мемлекет құру, экономиканы дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы Президент саясатын қолдайтынын көрсетті.

Мишустин Ресей президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізіп, екіжақты қарым-қатынастардың күн тәртібі мен алдағы сапарға дайындық мәселелері жан-жақты талқыланғанын айтты. Оның сөзінше, Ресей Үкіметі бұл сапардың да табысты өтуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

 

Back to top button