Жапония билігі Қазақстанды мұнай жеткізудің ықтимал балама көздерінің бірі ретінде қарастырып жатыр. Бұл туралы елдің экономика, сауда және өнеркәсіп министрі Рёсэй Акадзава Жапония парламентінің жоғарғы палатасындағы тыңдау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министр Рёсэй Акадзаваның айтуынша, Токио қазіргі геосаяси жағдайға байланысты энергия ресурстарын жеткізуді әртараптандыруға ерекше мән береді. Әсіресе, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен тасымал тізбегіндегі тәуекелдер Жапонияны жаңа бағыттар іздеуге мәжбүрлеген.
Жапон ақпарат құралдарының (Kyodo, Jiji Press) хабарлауынша, үкімет Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалына қауіп күшейген жағдайда балама жеткізушілерді қарастыру мәселесін жеделдеткен. Бұл бағыт әлемдік мұнай логистикасындағы ең маңызды әрі осал нүктелердің бірі саналады. Қазіргі таңда Жапония импорттайтын мұнайдың 90 пайыздан астамы Таяу Шығыс елдеріне тиесілі. Осы тәуелділік жағдайында аймақтағы кез келген шиеленіс ел экономикасына тікелей әсер етуі мүмкін. Сол себепті Токио ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жеткізу бағыттарын кеңейтуді көздейді.
“Компаниялар қазір бұрын серіктес болған елдерге хабарласып, сауданы әртараптандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы міндеттердің бірі – мұнайдың балама көздерін іздеу, оның ішінде Қазақстанды қарастыру. Аталған ел арқылы мұнай тасымалы мөлшерін арттыруға болады”, – дейді министр.
Осы тұрғыда Қазақстан мұнай экспортының әлеуеті жоғары ел ретінде аталып отыр. Орталық Азиядағы ірі мұнай өндіруші мемлекеттердің бірі саналатын Қазақстан әлемдік нарыққа мұнай жеткізуде маңызды ойыншылардың қатарында.
Дегенмен, әзірге Жапония мен Қазақстан арасында мұнай жеткізу бойынша нақты келісімдер жасалғаны туралы ақпарат жоқ. Сарапшылар бұл мәселе тек алдын ала талқылау деңгейінде екенін айтады.
Соған қарамастан, жапон тарапының Қазақстанды ықтимал жеткізуші ретінде атауы – елдің энергетикалық ресурстарына деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан үшін де жаңа экспорттық мүмкіндіктерге жол ашуы ықтимал.