Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде қарулы қақтығыстар болып жатқан елдерге үндеу жасады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент көптеген елде қарулы қақтығыстар, тіпті, соғыстар болып жатқанын, бұл үдерістер әлем экономикасына кері әсерін тигізіп отырғанын атап өтеді.
“Оны біз Таяу Шығыстағы соғыстан көріп отырмыз. Соғыс әбден шиеленісіп кетті. Меніңше, бұл қақтығыста ақыры еш мемлекет өз пайдасына қол жеткізе алмайды. Қазақстан қақтығыс болып жатқан аймақтың бір бөлігі. Сондықтан осы қастерлі жерден барлық елдерге халықаралық қауымдастыққа үндеу жасағым келеді. Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек”, – дейді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейтінін мәлім етті.
“Бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді. Алайда, бұл мәселе қақтығысқа тікелей қатысып отырған мемлекеттерге байланысты. Ең алдымен олар оң шешім қабылдауы керек. Ал менің ұсынысым бұл – қазақ халқының ізгі ниетінің көрінісі. Әбден кеш болмай тұрғанда қарулы іс-әрекеттерді доғарып, келіссөздерді бастау қажет сияқты, әйтпесе, әлемдік экономиканың дағдарысқа ұшырауын айтпағанда, көптеген халықтың бейбіт өмірі, тыныштығы бұзылады, дүние жүзіндегі тұрақтылықтың тұғыры шайқалады”, – деді ол.