Енді шенеуніктердің есірткі тұтынған-тұтынбағаны да тексеріледі
Мәжілісте «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатта мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа жеңілдіктер мен шектеулер қарастырылған, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ЖАЛАҚЫНЫ АРТТЫРУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ
Заң жобасының негізгі тұжырымдамасы – «сервистік және клиентке бағдарланған мемлекет» моделіне көшу. Енді мемлекеттік қызметшілер «азамат – клиент» қағидаты бойынша жұмыс істеуге міндеттеледі. Яғни, басты назар көрсетілетін қызмет сапасы мен ашықтыққа аударылады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын базалық талаптар кеңейтілді. Енді олардан:
- патриотизм,
- кәсібилік,
- әдептілік пен мінсіз бедел,
- сыбайлас жемқорлық пен мүдделер қақтығысына төзбеушілік талап етіледі.
Құжатта ынталандырудың жаңа тетіктері де көзделген. Атап айтқанда, лауазымды өзгертпей-ақ жалақыны арттыруға мүмкіндік беретін көлденең мансаптық өсу жүйесі енгізіледі. Жалақы кемінде үш жылда бір рет индекстеліп отырады.
КӨШУ ШЫҒЫНЫ ӨТЕЛЕДІ
Әлеуметтік пакет те кеңейтілмек. Мемлекеттік қызметшілерге көшу шығындары өтеліп, балабақшадан орын беру қарастырылады. Сондай-ақ олар жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатыса алады. Зейнетке шыққанда төрт айлық жалақыға дейін төлем жасау мәселесі де қарастырылып отыр.
Еңбек жағдайлары:
- стандартты жұмыс уақыты – күніне 8 сағат, аптасына 40 сағат;
- мүгедектігі бар адамдар үшін – аптасына 36 сағатқа дейін;
- икемді жұмыс кестесін енгізу мүмкіндігі (әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналар үшін);
- артық жұмыс уақытына ақы төлеу кепілдіктері енгізіледі.
КАДРЛАР ОҚУШЫ КЕЗДЕН ІРІКТЕЛЕДІ
Сонымен қатар, шенеуніктерді есірткі қолдану фактісі бойынша тексеру мәселесі де енгізіліп отыр. Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерді есірткі және психотроптық заттарды қолдану тұрғысынан медициналық куәландырудың негіздері мен тәртібі айқындалады.