Геосаясат

«АҚШ-сыз келешектерің бұлыңғыр»: Трамп Еуропа елдерін Ирандағы соғысқа тарта бастады

The Financial Times басылымының жазуынша, АҚШ президенті іс жүзінде Еуропа елдерін Вашиңтонның Ирандағы әскери әрекеттеріне қосылуға шақырды. Трамп Қытай көмектеспесе, Симен жоспарланған кездесуді тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды DW.

АҚШ президенті Дональд Трамп егер Вашиңтонның одақтастары Ормуз бұғазын бұғаттан шығаруға көмектеспесе, НАТО-ны «өте күңгірт» болашақ күтіп тұрғанын ескертті. Бұл туралы Ақ үй басшысы жексенбі, 15 наурыз күні The Financial Times (FT) газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Осылайша Трамп іс жүзінде еуропалық елдерді АҚШ-тың Ирандағы әскери әрекеттеріне қосылуға шақырды, деп жазады FT.

«Егер жауап болмаса немесе жауап теріс болса, менің ойымша, бұл НАТО-ның болашағы үшін өте жаман болады.

Біз оларға өте мейірімді қарадық. Бізге Украинаға көмектесу міндетті емес еді. Украина бізден мыңдаған миль қашықта орналасқан… Бірақ біз көмек қолын создық. Енді олардың бізге көмектесетін-көмектеспейтінін көрейік. Өйткені мен көптен бері біз олардың жанында боламыз, ал олар бізбен бірге болмайды деп айтып келемін. Олардың бізбен бірге болатынына сенімді емеспін», – деді Трамп.

Оныңайтуынша, одақтастар мина тазалаушы кемелер жіберуі тиіс, өйткені мұндай кемелер Еуропада АҚШ-қа қарағанда әлдеқайда көп.

Трамп сондай-ақ еуропалық арнайы жасақ бөлімдері немесе басқа да әскери күштер Парсы шығанағында дрондар мен теңіз миналары арқылы «мәселе тудырып отырған» Иран күштерін жоюға көмектесуін қалайды.

Трамп Симен кездесуді тоқтатуы мүмкін

Трамп сондай-ақ егер Бейжің бұғаздағы кеме қатынасының кедергісіз жүруін қамтамасыз етуге көмектеспесе, наурыз айының соңына жоспарланған Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуді кейінге қалдыруы мүмкін екенін айтты. Дональд Трамп АҚШ-тан айырмашылығы Еуропа мен Қытай Парсы шығанағындағы мұнайға едәуір тәуелді екенін еске салды.

Бұған дейін АҚШ президенті Қытайды, Францияны, Жапонияны, Оңтүстік Кореяны және Ұлыбританияны «бірлескен күш-жігерге» қосылуға шақырған.

15 наурыз кешінде халықаралық нарықтарда мұнай бағасы бір баррель үшін 106 долларға жетіп, АҚШ пен Израильдің Ирандағы соғысы басталғаннан бері шамамен 45 пайызға өсті.

Трамп әкімшілігі келіссөз ұсыныстарын қабылдамады

Трамп әкімшілігі Таяу Шығыстағы одақтастардың Иранмен соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді бастау туралы ұсыныстарын қабылдамады. Ал Тегеран АҚШ пен Израильдің соққылары жалғасып жатқанда бітім мүмкіндігін жоққа шығарды. Бұл туралы 14 наурызда Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік сұхбаттастарының айтуынша, Таяу Шығыстың бірнеше елі екі апта бұрын АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған ауқымды әуе соққысынан кейін басталған соғысты тоқтату үшін келіссөздерді бастауға тырысқан. Атап айтқанда, бұған дейін де Вашингтон мен Тегеран арасында делдал болған Оман байланыс арнасын орнатуға ұмтылған. Алайда дереккөздердің мәліметінше, Ақ үй қазіргі уақытта келіссөздерге мүдделі емес екенін білдірген.

Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі Reuters агенттігіне Ақ үй басшысы бұл бастамаларды қабылдамағанын және Иранның әскери әлеуетін әлсірету үшін соғысты жалғастыруға назар аударып отырғанын растады.
«Қазір ол бұған (атысты тоқтатуға – ред.) мүдделі емес, біз өз миссиямызды орындауды жалғастырамыз», – деді шенеунік.

АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы

АҚШ пен Израиль 28 ақпаннан бері Иранға әуе соққыларын жасап келеді. Соның салдарынан Ислам Республикасының жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменеи және иран басшылығының басқа да мүшелері қаза тапты. Бұған жауап ретінде Иран Израильге, Парсы шығанағындағы кейбір елдерге және аймақтағы америкалық нысандарға соққы жасауда.

Таяу Шығыстағы әскери әрекеттер мен оның әлемге әсерін талқылай отырып, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыс «ол аяқталсын деп қалаған кезде» аяқталатынын айтты. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац әскери операциялар «ешқандай уақыт шектеусіз – қанша қажет болса, сонша уақыт» жалғасатынын мәлімдеді. Ал Иран соғыстың аяқталу шарттарын қарсыластары емес, Ислам Республикасы анықтайтынын айтты.

Back to top button