«Өнер Қырандары» театры Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке ашық үндеу жолдап, қаланың мәдениет басқармасы басшысының үстінен шағым айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Желіде әкімге жариялаған хатында театр ұжымы Шымкент қаласы мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың әрекеттеріне байланысты БАҚ арқылы ашық үндеу жасаған.
“Біз 2026 жылдың 15-17 мамыр күндеріне «QYZGALDAQ sarayi» кешенінің концерттік залын ұсыну туралы ресми өтініш жасадық. Аталған кешен, Шымкент қаласындағы ең ірі және көрермен сыйымдылығы жоғары концерттік алаңдардың бірі. Алайда, біздің өтінішімізді ашық әрі заң талаптарына сәйкес қараудың орнына, концерт өтетін күндерді ресми түрде бекіту мәселесінде бірқатар түсініксіз жағдайларға тап болдық. Осыған байланысты, біз сіздің атыңызға e-otinish жүйесі арқылы ресми шағым жолдадық. Дегенмен, Шымкент қаласының әкіміне жолданған біздің ресми шағымымыз іс жүзінде Сізге тиісті түрде жеткізілмей, Шымкент қаласының мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың қарауына жолданған. Сонымен қатар, біздің заңгерімізге, қалыптасқан жағдайды түсіндіру мақсатында Шымкент қаласының әкіміне ресми қабылдауға кіруге мүмкіндік берілмей отыр”, – делінген үндеуде.
Театр ұжымы ерекше алаңдатар жағдай ретінде Шымкенттегі концерттерін өткізу барысында, барлық билеттер толық сатылып кетіп, көрермендердің концертті күтіп отырғанына қарамастан, Мәдениет басқармасының басшылығы тарапынан іс-шараны тоқтату туралы ескертулер мен қауіп сипатындағы мәлімдемелердің айтылуы болған.
“Осы факті бойынша біз құзыретті органдарға тиісті түрде өтініш жолдадық. Өйткені, біздің пайымдауымызша, Мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың әрекеттері концерттік іс-шараны өткізуге кедергі келтіріп, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау белгілерін қамтуы мүмкін. Алайда, аталған өтініш те кейіннен қайтадан Бауыржан Орынтаевтың өз қарауына жолданған. Осылайша, лауазымды тұлғаның әрекеттеріне қатысты берілген шағымдар мен өтініштердің іс жүзінде сол лауазымды тұлғаның өз тарапынан қаралуы сияқты жағдай қалыптасып отыр”, – делінген өтініште.
Театр Бауыржан Орынтаевтың өз қызметтік міндеттерін ешқандай жауапкершілікке тартылмастан, әрі қарай атқарып отырғаны да қоғам тарапынан орынды сұрақтар туындататынын атап өтеді.
“Құрметті Ғабит Әбдімәжитұлы! Жоғарыда баяндалған мән-жайларды ескере отырып, Шымкент қаласы мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың әрекеттеріне қағидатты құқықтық және қызметтік баға беруді, сондай-ақ оның атқарып отырған лауазымына сәйкестігін қарастыруды және заңнамада көзделген жауапкершілік мәселесін қарауды сұраймыз. «Өнер Қырандары» театры, көрермендерін әрдайым құрметтейді және өз қызметін тек заң аясында жүргізуге тырысады. Сонымен қатар, театр мемлекет жүргізіп отырған мәдени саясатты қолдап, өзіндік Ұлттық авторлық репертуар қалыптастыру бағытында жұмыс істеп келеді”, – делінген өтініште.
Әкімдіктің жауабы
Шымкент қаласы әкімдігі театр ұжымына бүгін жауап жариялады. Ресми жауапта биыл ақпанда E-Otinish арқылы «Өнер қырандары» «Қызғалдақ» сарайының үлкен концерттік залын концерт өткізу үшін беру туралы хат келіп түскен. Бір аптадан кейін «Шымкент концерт» концерттік ұйымы (филармония) ресми түрде жазбаша жауап берген.
“Берілген жауапта алдын-ала жоспарланған шараларға байланысты көрсетілген күндері залдың бос емес екені айтылған. Сондай-ақ, концерттік залды беру Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының құзіретінде екені хабарланған. Осыған байланысты өтініш берушіден басқа да ыңғайлы күндерді нақтылап, басқармаға жүгінуді өтінген. Осы ретте «Қызғалдақ» сарайының «Шымкент концерт» концерттік ұйымының (филармония) оперативті басқаруында екендігіне назар аударамыз”, – делінген жауапта.
Әкімдік «Шымкент концерт» концерттік ұйымы (филармония) бірқатар кәсіби шығармашылық ұжымдардан тұратыны, олардың қатарында қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, би ансамбльдері, этно-фольклорлық ансамбль, вокалды-аспапты ансамбль және дәстүрлі, эстрадалық әншілер бары жазылған. Аталған өнер ұжымдары ғимаратта тұрақты түрде репетиция өткізіп, концерттік бағдарламалар мен мәдени жобаларға дайындық жұмыстарын жүргізеді. Сондықтан нысанның жұмыс кестесі тек концерттік іс-шараларға ғана емес, осы шығармашылық ұжымдардың тұрақты қызметіне де тікелей байланысты қалыптасатынын ескеру қажеттігі айтылады.
“Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! Шымкент қаласының әкімдігі мәдениет пен өнер саласының дамуын қаланың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Қалада жыл сайын көптеген театрлық қойылымдар, концерттер мен бұқаралық мәдени іс-шаралар өткізіліп, шығармашылық ұжымдардың бастамаларына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Мәдениет – қоғамды біріктіретін маңызды құндылық. Сондықтан бұл саладағы барлық мәселелер өзара құрмет, ашық диалог және заң талаптары аясында шешілуі тиіс деп есептейміз. Шымкент қаласының әкімдігі мәдениет саласында еңбек етіп жүрген барлық шығармашылық ұжымдарды әрдайым қолдауға дайын және ортақ мақсат – мәдениет пен өнерді дамыту жолында өзара құрметке негізделген ынтымақтастықты жалғастыруға шақырады”, – делінген жауапта.
Осы ретте әкімдік жолданған өтінішке «Шымкент концерт» концерттік ұйымы (филармония) тарапынан заң талаптарына сәйкес ресми жауап берілгеніне және өтініш берушіге басқа да ыңғайлы күндерді нақтылап, басқармаға қайта жүгіну керектігі түсіндірілгеніне қарамастан, мәселені әлеуметтік желілерде біржақты түрде жариялау қоғамда шынайы және нақты мән-жайға сәйкес келмейтін түсінік қалыптастыратындығын ескерген жөн деп атап өтеді.
Әкім «Өнер қырандары» театрын жеке қабылдауға дайын екенін білдіріп отыр.