Жаңалықтар

Қазақстандықтар пәтерді бөліп төлету арқылы сатып ала ма

Елде ипотеканың қолжетімділігі төмендеген сайын, бөліп төлеу тәсілі екінші нарықта жиі қолданыла бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

ЗАҢГЕР НЕ ДЕЙДІ

Соңғы уақытта Қазақстанда жылжымайтын мүлікті ипотекасыз, яғни бөліп төлеу арқылы сатып алу немесе сату ұсыныстары көбейіп келеді. Мұндай тәсілді ұсынушылардың басты уәжі сол, банктерге жоғары пайыз төлеудің қажеті жоқ, ал мұндай шығынды еңсеруге кез келген адамның шамасы келмейді. Алайда «31 арна» тұрғын үйді осылайша сатып алу мен сатудың да өзіндік тәуекелдері бар деген мәліметпен бөлісті.

Әлеуметтік желілерде пайызсыз бөліп төлеумен үй сатамыз деген хабарландырулар жиі кездеседі. Кейбір ұсыныста төлем мерзімі екі жылдан бес жылға дейін белгіленеді. Дегенмен заңгерлер мұндай келісімге барғанда тәуекелдерді ұмытпау керектігін ескертеді.

Біріншіден, алдағы уақытта баға қалай өзгеретінін ешкім нақты білмейді. Тұрғын үй бағасы төмендеп кетуі де мүмкін. Ал адамдар ондаған жылға белгіленген баға бойынша қарыздық міндеттемелер алып, сол қарыз жүктемесіне түседі. Мұндай тәуекел бар, – деді заңгер Евгений Яворский.

КЕЛІСІМШАРТТА ДЕРЕК ТОЛЫҚ КӨРСЕТІЛУІ ТИІС

Бөліп төлеу тәсілі бұрыннан белгілі. Алайда оны көбіне құрылыс компаниялары қолданатын. Сарапшылардың айтуынша, ипотеканың айтарлықтай қымбаттауына байланысты енді бұл құрал екінші нарықта да белсенді пайдаланыла бастады. Әдетте мұндай жолмен салыстырмалы түрде арзан тұрғын үйлер сатып алынады.

Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Виталий Браиловскийдің сөзінше, келісімшартта міндетті түрде төлем мерзімдері, төлем сомалары және толық есеп айырысатын соңғы күн нақты көрсетілуі керек.

Сондай-ақ сатып алушы үшін толық есеп айырысқаннан кейін сатушыдан нотариалды түрде расталған өтініш алу өте маңызды. Себебі келісімшартта ақшаның толық сомасы шарт жасалған сәтте төленбегені көрсетіледі, – дейді ол.

Мамандар бөліп төлеу арқылы жасалатын мәміле кезінде сатып алушы да, сатушы да бірнеше маңызды жайтты ескеруге кеңес береді. Келісім жасалғаннан кейін сатып алушы тұрғын үйді пайдалана алады, бірақ оны қайта сата алмайды.

Егер сатып алушы төлем міндеттемелерін орындай алмаса, сот шешімімен пәтер қайтадан иесіне қайтарылады, ал төленген қаражат сатып алушыға беріледі. Сондай-ақ келісімшартта айыппұл мөлшерін де көрсетуге болады.

Back to top button