TOP-1Эксклюзив

Қалалар арасындағы таксисттер көлікке демалу құрылғысын орнатуға міндеттеледі

Қазақстанда қалааралық жолаушылар тасымалы кезінде құзырлы органдар жүргізушілердің демалу режимін міндетті түрде бақылауды жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр депутаттардың сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігі 2023-2027 жылдарға арналған бірлескен жол картасын бекіткен. Құжат жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жолаушылар тасымалы саласын реттеуге бағытталған.

2024 жылы осы жол картасы аясында ІІМ, Көлік министрлігі, «Яндекс. Такси» және «InDrive» платформаларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Құжаттарда такси саласындағы қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, жүргізушілердің жол ережелерін сақтауын ынталандыру тетіктері қарастырылған.

«Қазір жүргізілген бірлескен жұмыстардың нәтижесінде рөлі оң жақта орналасқан 70 мыңнан астам көлік құралының интернет-платформаларға қолжетімділігі шектелді. Бұл шаралар жол қауіпсіздігін арттыру және такси қызметін ретке келтіру мақсатында қабылданып отыр. Сонымен қатар жолаушылар тасымалы саласында бірқатар заңнамалық түзетулер әзірленді», – деді Роман Скляр.

Склярдың мәліметінше, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа заңнамалық өзгерістер дайындалған. Олар бірнеше маңызды талаптарды қамтиды.

Атап айтқанда, рөлі оң жақтан ауыстырылған көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салу ұсынылып отыр. Сонымен қатар қалааралық тасымалдау кезінде жүргізушілердің еңбек ету және демалу режимін бақылау құралдарын міндетті түрде қолдану көзделген. Бұдан бөлек, интернет-агрегаторларға тасымалдаушылардың заң талаптарына сәйкестігін бақылау міндеті жүктелмек. Ал таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтеріне арнайы рұқсат беру тәртібі енгізіледі.

Аталған түзетулер «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында қарастырылып жатыр

Back to top button