Бүтін бір отбасының өліміне қатысы бар күдікті үш мәрте істі болған
Астанаға жақын орналасқан Жібек жолы кентінде бір отбасының өліміне күдікті ер адамның бұған дейін үш рет сотталғаны белгілі болды. Соңғысында сот оны мәжбүрлі түрде емдеуге жіберген, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
БІР ЖЫЛДА ЕКІ РЕТ СОТТАЛДЫ
Алғашқы екі сот үкімі ер адамға 2016 жылдың көктемінде, араға бірнеше күн салып шығарылған.
2015 жылдың күзінде Астанада ол жүргізіп келе жатқан көлікті полицей алдыңғы әйнектерді қараңғылатқаны үшін тоқтатқан. Құжаттарын тексеру барысында жүргізушінің жанында көліктің техникалық төлқұжаты жоқ екені анықталды. Кейінірек олар айыптұраққа бірге барған. Алайда жол үстінде тәртіп бұзушы кенет көлікті тоқтатып, полицейді балағаттап, көліктен итеріп шығарған бойы қашып кеткен.
Бірнеше сағаттан соң бағдарлауға сәйкес іздеуге алынған көлікті басқа полицейлер тоқтатпақ болған. Бірақ жүргізуші сонда да қасарысып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Көп ұзамай ол ұсталды. Ұстау кезінде қарсылық көрсеткендіктен, қолына кісен салуға тура келген.
Сот ер адамды билік өкілдерін қорлап, олардың заңды талаптарына бағынбағаны үшін 158 560 теңге көлемінде айыппұл салған.
ПОЛИЦЕЙГЕ ШАБУЫЛ ЖАСАҒАН
Келесі қылмысты, яғни көлік айдап кетуді ол сол 2015 жылдың желтоқсанында Астанада жасаған. Сот үкімінде көрсетілгендей, ол автотұрақта тұрған көлік жүргізушісін салоннан күшпен шығарып жіберіп, рөлге отырып, басы ауған жаққа кетіп қалған. Ұрланған көлікпен ол қала ішінде бензин таусылғанша жүріп, кейін елорданың шетінде тастап кеткен.
Бұл әрекеті үшін оған үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
Ал 2021 жылдың желтоқсанында ер адам қызметтік міндетін атқарып жүрген полицейлерге шабуыл жасаған. Оқиға Жібек жолы ауылындағы жеке үйлердің бірінің ауласында болды. Полицейлер ол жерге шақырту бойынша барған.
Сот қаулысында көрсетілгендей, ауыл тұрғыны темір лом алып, полицейлерге сілтеп қорқыта бастаған. Тіпті олардың бірінің аяғынан ұрып жіберіпті. Бұдан бөлек, ол полицейлердің «Нива» қызметтік көлігін айдап кетуге оқталды.
Қылмыстардың ауырлығы мен қайталанғаны ескерілсе, бұл жолы ер адам жазадан жалтара алмас еді. Алайда сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Себебі сараптама оның параноидтық шизофрениямен ауыратынын анықтаған. Бұл – негізгі белгілері тұрақты сандырақ пен есту галлюцинациялары болып саналатын ауыр психикалық дерт.
Соның нәтижесінде ол жалпы үлгідегі психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі емдеуге жіберілген.