588 млн теңге ұрланған: Астанада мектеп директоры мен бас есепші сотталды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында мектеп директоры мен бас есепшіге үкім шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Іс-материалдарына сәйкес, мектеп директоры бас бухгалтермен бірігіп, 2015-2024 жылдар аралығында мектепте іс жүзінде жұмыс істемеген алты еден жуушыны негізсіз табельге енгізіп отырған. Осы жолмен 29 млн теңге көлемінде қаражат иемденіліп, ұрлық жасаған. Бұдан бөлек, директор 2015-2024 жылдар аралығында заңсыз түрде және жеке-дара шешім қабылдап, 501 білім алушыға білім беру қызметтерінің ақысына жалпы сомасы 183 млн теңге көлемінде жеңілдіктер беру туралы бұйрықтар шығарған. Мектеп жарғысына сәйкес мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған, себебі оқу ақылы негізде жүзеге асырылған.
Сонымен қатар, 2018-2024 жылдары екеуі «0» сыныптарды ұйымдастырып, ата-аналардан ақылы қызметтер үшін қолма-қол ақшаны бақылау-касса аппаратын қолданбай қабылдаған. Түскен қаражат мектептің есепшотына енгізілмей, бухгалтерлік есепте көрсетілмеген. Осылайша, 305 млн теңге көлемінде қаражат иемденіліп, жұмсалған. Директор 2021-2024 жылдары жазғы лагерь қызметтері үшін алынған, мектеп есебінде көрсетілмеген, аса ірі мөлшердегі 25 млн теңге қаражатты да иемденген. Оған қоса директор мұғалімдердің жалақысын жасанды және негізсіз түрде көтеру арқылы мектеп қаражатын жалпы сомасы 75 млн теңгеге иемденгені анықталды.
Бас бухгалтер 176 млн теңгені жеке депозиттік шотына аударып, 9 млн теңге көлемінде сыйақы алған.
Сотталушылар кінәларын мойындамады. Қорғау тарапы олардың әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтауды сұрады.
Сот үкімі
Бірнеше бап бойынша директор 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Екі қабатты тұрғын үйі, автотұрақ орны және зергерлік бұйымдары тәркіленді. Бухгалтер 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Автокөлігі, автотұрақ орны және зергерлік бұйымдары тәркіленді. Үш кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 1 жылға кейінге қалдырылды.
Екеуі мемлекетке 588 млн теңгені өтеуі тиіс.